
Рига, 2023 жылғы 21 ақпан - Латвия Республикасының Сеймінде Қазақстан Елшісі Тимур Пірімбетов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Латвия Сеймімен ынтымақтастық тобының жаңадан сайланған жетекшісі, депутат Улдис Аугулиспен кездесті.
Кездесу басында қазақстандық дипломат У.Аугулисті осы лауазымға сайлануымен құттықтап, 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне өтетін кезектен тыс сайлау туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Латвиялық саясаткер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең ауқымды жаңғырту күн тәртібін жоғары бағалап, қазақстандық көшбасшының қоғам мен мемлекетті жан-жақты жаңартуға бағытталған елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға дәйекті және жүйелі көзқарасын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы көпжақты қатынастарды одан әрі нығайту үшін тұрақты парламентаралық диалогты қолдаудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар Қазақстан Парламенті Мәжілісінде осындай топ құрылғаннан кейін ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтардың желісі бойынша байланыстарды жандандыруды қолдады.
Сұхбат барысында елдер арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері де қозғалды. Т.Пірімбетов сұхбаттасушыға 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты саудада және транзиттік-көлік саласында жағымды динамика байқалатынын хабарлады. У.Аугулис өз кезегінде елдеріміздің, әсіресе транзит саласында өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі әлеуеті бар екенін атап өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Елшісі У.Аугулисті ағымдағы жылғы маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Латвия Сеймінің Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісімен ынтымақтастығы жөніндегі парламенттік топ ү.ж. ақпан айының басында құрылды. Топтың құрамына қазіргі Латвия Парламентіндегі барлық саяси күштердің мүдделерін білдіретін белгілі және беделді латвиялық депутаттар кірді. Топтың көптеген мүшелері негізгі парламенттік комиссиялардың жетекшілері болып табылады, сонымен қатар 14-ші шақырылымдағы Сейімнің саяси фракцияларын басқарады. Топ жетекшісі У.Аугулис 2016-2018 жж Латвияның Байланыс министрі лауазымында сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы болды.