
2023 жылғы 15 ақпанда Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Елгава қаласындағы «Сәуле» қазақстандық мәдени орталығының басшысы Айнұр Дабуловамен кездесу өтті.
Диаспораның Отанымен тығыз байланысын дамытуға жәрдемдесу Латвиядағы Қазақстан Елшілігінің қызметіндегі басымдықтардың бірі болып табылады.
Кездесу барысында А.Дабулова «Сәуле» орталығының 2022 жылғы жұмысы жөнінде айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті. Қазақстан Елшісі Т.Пірімбетов орталықтың атқарған жұмысы үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Латвия арасындағы әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы диаспораның маңызды рөлін атап өтті.
Сонымен қатар әңгіме барысында Наурыз мейрамын мерекелеу аясында бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу талқыланды.
Кездесуде 19 наурызда елімізде өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына ерекше назар аударылды. Алдағы сайлау алғаш рет аралас пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша, сондай-ақ өткен жылдың маусым айында республикалық референдумда қабылданған Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес өтетіні атап өтілді. Латвияда тұратын Қазақстан азаматтары 19 наурызда Ригадағы Қазақстан Елшілігінің жанындағы №305 сайлау учаскесінде дауыс беру мүмкіндігіне ие болады.