Латвияда қазақстандық студенттер арасында еріктілер қызметі дамып келеді

Латвияда қазақстандық студенттер арасында еріктілер қызметі дамып келеді

22 ақпанда Латвиялық жетекші жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студент жастардың белсенділері Рига қаласындағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Қазақстандағы Еріктілері жылына орайластырылған еріктілер акциясын өткізді.

Еріктілер акциясы Латвия университеті Академиялық кітапханасында бастау алды. Латвияның ең ескі кітапханасын таңдау кездейсоқтық емес. Осы ғимаратта, өткен жылы ашылған «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы орналасқан.

Қазақстандық студенттер Кітапханадағы қызметтік бөлмелерде толық тазалау жұмыстарын өткізді, кітап қорларын реттеді, сөрелер мен стеллаждарға кітаптар мен журналдарды жайғастырды, сондай-ақ «Абай» орталығына келушілерге ыңғайлы болу үшін ол жерде жұмыс кеңістігін ұйымдастырды.

Университет пен Кітапхана басшылығы, шетелдік студенттер арасында алғаш рет осындай маңызды акция өткізген қазақстандық студенттерге алғыстарын білдірді.

Жас белсенділердің алдағы жоспарларына бірнеше еріктілік шаралары кіреді. Олар: Ригалық жалпы қалалық сенбілікке қатысу, Рига қаласының бір интернатының оқушыларына ағылшын тілінен тегін бастауыш курстарын ұйымдастыру, қартаң және жарымжан кісілерге адрестік әлеуметтік көмек көрсеті мен т.б. шаралар.   

         Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі Латвияда оқитын қазақстандық студенттердің ерікті және әлеуметтік маңызды бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.