
Рига, 2022 жылғы 29 қыркүйек – Латвия астанасында «Экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық салалары мен жаңа нысандары» атты Қазақстан-Латвия бизнес-семинары өтті.
Іс-шара Қазақстанның Латвиядағы Елшілігімен «Kazakh Invest «ҰК» АҚ-ның және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Бизнес-семинарға Латвияның мемлекеттік органдары мен ұйымдарының, ұлттық компаниялардың, халықаралық теңіз порттарының, салалық бірлестіктер мен қауымдастықтардың, кәсіптік одақтардың, БАҚ-тардың жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ іскер топтардың басшылары мен жетекші зерттеу орталықтарының сарапшылары қатысты.
Семинардың ашылу рәсімінде, Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов латвиялық серіктестерді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды жаңғырту күн тәртібі жөнінде егжей-тегжейлі хабардар етіп, Мемлекет басшысы ұсынған бүкіл ел азаматтарының әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуіне бағытталған жаңа экономикалық бағыт мәнмәтініндегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге аудиторияның айрықша назарын аударды.
Қазақстан басшылығының инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелеріне және транзиттік-көлік саласын қоса алғанда, салалық қолдау шараларына кешенді және жүйелі көзқарасы туралы ақпарат латвиялық бизнесмендер үшін іс жүзінде қызығушылық тудырды.
Транзиттік-көлік саласындағы елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы мен басымдылығын Латвия Байланыс Министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары, Қазақстан-Латвия көлік жөніндегі Жұмыс тобының басшысы Улдис Рейманис атап өтті. Латвиялық шенеунік Латвия делегациясының ағымдағы жылғы 20-22 қыркүйекте Алматы қаласында өткен 25-ші Қазақстандық «Көлік және Логистика» халықаралық көрмесіне қатысуын, сондай-ақ көрме аясында көлік жөніндегі Қазақстан-Латвия Жұмыс тобының кезекті отырысын өткізуін аса жоғары бағалады.
Латвияның Инвестициялар және даму агенттігінің «LIAA» өкілі Георгий Воевода өзара инвестицияларды тартудағы оң серпінді, сондай-ақ биыл 7 айдың қорытындысы бойынша 110 млн. АҚШ долларын құрап, 2021 жылғы жалпы көрсеткіштен екі есеге асып кеткен екіжақты саудадағы елеулі өсімді атап өтті.
Жалпы, бизнес-семинар барысында екіжақты экономикалық өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қазақстан-Латвия қатынастарын одан әрі дамыту және нығайту бойынша жан-жақты және тақырыптық пікір алмасу өтті.
Іс-шараға қатысушыларға перспективалы инвестициялық жобалар мен қазақстандық экспорттық тауарлардың жаңа тізбесі ұсынылды.