Қазақстан мен Латвия ынтымақтастығының парламенттік векторы

Қазақстан мен Латвия ынтымақтастығының парламенттік векторы

Рига, 2022 жылғы 15 қыркүйек - Латвия Республикасының Сеймінде Қазақстан Елшісі Тимур Пірімбетов Латвия Сеймінің Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісімен ынтымақтастық жөніндегі топтың жетекшісі, депутат Улдис Аугулиспен кездесті.

Сенімді әрі достық сұхбаты барысында қазақстандық дипломат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі бастамалары туралы айтып өтті. Латвиялық саясаткер Президент Тоқаевтың кең ауқымды модернизациялық күн тәртібін жоғары бағалап, қазақстандық көшбасшының елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы дәйекті және жүйелі тәсілін атап өтті.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Латвия арасындағы тұрақты және көп жоспарлы қатынастарды қалыптастыру мақсатында екіжақты парламентаралық диалогты дамыту мен нығайтудың маңыздылығына баса мән берді.

Т.Пірімбетов екі ел парламенттері арасында қалыптасқан сындарлы өзара іс-қимыл, әсіресе ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтар желісі бойынша Латвия Сеймінің 14-ші шақырылымдағы жаңа депутаттық корпусымен жалғасатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, Т.Пірімбетов сұхбаттасушыны осы күндері Қазақстанда өтіп жатқан маңызды және айтулы сыртқы саяси іс-шаралар – Қазақстан Президентінің шақыруы бойынша Рим Папасы Франциск қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары туралы хабардар етті.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат Латвияда 2022 жылғы 1 қазанда өтетін парламенттік сайлаудың табысты өтуіне тілектестік білдірді.