
Рига, 2022 жылғы 13 қыркүйек – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің бастамасымен Латвия Республикасының Байланыс министрлігінде Байланыс министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары, Қазақстан-Латвия көлік жөніндегі Жұмыс тобының жетекшісі Улдис Рейманиспен кездесу өтті.
Тараптар жағымды динамиканы атап өтіп, транзиттік-көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында елдер арасындағы тауар айналымы мен жүк транзиті екі еседен астам ұлғайды.
Қазақстан мен Латвия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мен нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігер жөнінде жан-жақты пікір алмасылды.
Аталған бағыттағы маңызды іс жүзіндегі қадам Алматы қаласында (2022 жылғы 20-22 қыркүйек) өтетін «Көлік және Логистика» атты 25-ші Қазақстандық Халықаралық көрмеге Латвия делегациясының қатысуы болмақ. Латвия тарапы қазақстандық әріптестерімен, оның ішінде көлік жөніндегі Жұмыс тобының шеңберінде бейінді кездесулер өткізуге мүдделі. Латвияның мемлекеттік және жеке құрылымдарының өкілдері кіретін делегацияны Байланыс министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары У.Рейманис басқарады. Көрмеде Латвияның ұлттық стенді ұйымдастырылады.
Қазақстанның Елшісі Тимур Пірімбетов Латвияның жоғары лауазымды тұлғасын қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды. Дипломат Жолдаудың экономикалық бағытын, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға зор мән беретінін атап өтті.
Сұхбат соңында Латвия делегациясының Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша кезекті кездесу өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.