
2022 жылғы 30 тамыз, Рига қаласы – Лиепая қалалық Думасы мен Лиепая еркін порты әкімшілігінің шақыруымен Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов Лиепая қаласына жұмыс сапарымен барып қайтты.
Қазақстандық дипломат Лиепая қалалық Думасының Төрағасы Гунарс Ансиньшпен, Лиепай еркін порты Басқармасының Төрағасы, Лиепая арнайы экономикалық аймағы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Улдис Сескспен кездесті.
Лиепая – Латвияның үшінші ірі қаласы, маңызды өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталығы. Қала экономикасы көбінесе жүктердің кең спектрін, соның ішінде елімізден қабылдайтын және қызмет көрсететін халықаралық порттың қызметімен байланысты.
Мэриядағы кездесу барысында экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және ғылыми салаларда, медицина мен туризмде ынтымақтастық орнату мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Т.В.Пірімбетов сұхбаттасушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жөнінде хабардар етті. Биылғы маусымда ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша өткен референдум аталған өзгерістерді іске асырудағы маңызды қадамы болды.
Порт басшылығымен қазақстандық жүктердің көлемін ұлғайту және үздіксіз транзиттеу мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар біздің елдеріміз өзара сауда мен инвестициялар үшін өсу нүктесі болуға тиіс транзиттік-көліктік ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай әлеуетке және бәсекелестік артықшылықтарға ие екенін атап өтті. Т.Пірімбетов қазақстандық компаниялар Латвияның теміржол және теңіз инфрақұрылымын отандық экспорттық өнімді әлемдік нарықтарға, сондай-ақ импорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін пайдалануға мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Латвияның стивидор ұйымдары қауымдастығының Басқарма Төрағасы Арис Озолинспен және Лиепая портында өз қызметін жүзеге асыратын «Terrabalt» және «Ekers» ірі стивидор компанияларының басшыларымен жеке кездесу өтті.
Қазақстан Елшісі латвиялық әріптестерін 2022 жылғы 20-22 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтетін «Көлік және Логистика» атты 25-ші Қазақстандық Халықаралық көрмеге қатысуға шақырды.