
2022 жылғы 26 шілдеде Вентспилс қаласының Думасы мен Вентспилс еркін порты басшылығының шақыруымен Қазақстанның Елшісі Тимур Пірімбетовтің Вентспилс қаласына жұмыс сапары өтті.
Қазақстандық дипломат Вентспилс қаласының Думасы Төрағасының орынбасарлары Гунтис Блумбергспен және Айго Гутманиспен, Вентспилс еркін портының басқарушысы Андрис Пурмалиспен кездесті.
Вентспилс қаласының думасында өткен кездесуде экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және ғылым, туризм салаларындағы ынтымақтастықты орнату мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу болды.
Вентспилс еркін порты басшылығымен қазақстандық жүктердің Латвия аумағы арқылы үзіліссіз өту мәселелері талқыланды. Қазақстандық тараптың өтініші бойынша Вентспилс еркін порты жақын арада екі ел арасындағы транзиттік-көліктік сектордағы логистикалық құрамдас бөлікті күшейту бойынша кешенді ұсыныстарды енгізеді. Кездесу барысында сондай-ақ ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында порт мамандарының Вентспилс еркін портының инфрақұрылымдық және логистикалық мүмкіндіктерін пайдалану бойынша қазақстандық экспортқа бағытталған компанияларға арналған арнайы вебинар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Сұхбат соңында Қазақстан Елшісі латвиялық әріптестерін 2022 жылғы 20-22 қыркүйек аралығында Алматыда өтетін 25-ші Қазақстандық халықаралық «Көлік және логистика» көрмесіне қатысуға шақырды.
Cонымен қатар жұмыс сапарының бағдарламасы «VIZIUM» жаңа Вентспилс ғылыми орталығына баруды қамтыды.