
Рига, 2022 жылғы 3 маусым – Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов Латвия Республикасы Президенті Кеңсесінің Басшысы Андрис Тейкманиспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Латвия қарым-қатынастарының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылдың сындарлы және үдемелі сипатын атап өтті. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Т.Пірімбетов жоғары мәртебелі сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылғы 5 маусымда елімізде өтетін республикалық референдумға дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Қазақстандық дипломат конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруға бағытталғанын айтты. Конституцияға енгізілетін алдағы өзгерістерді ел халқының көпшілігі қолдайтынын және қазақстандық қоғамның өмірлік маңызды сұраныстарын ескеретінін атап өтті.
А.Тейкманис өз кезегінде Қазақстан-Латвия қарым-қатынастарының жоғары деңгейін атап өтіп, саяси реформалардың президенттік бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығы мен өзектілігіне мән беріп, еліміздегі демократиялық өзгерістерге қолдау білдірді.
Сұхбат соңында Т.Пірімбетов екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Латвия Президенті Кеңсесінің қолдауымен Елшілік дайындаған «Латвиялықтар Қазақстан туралы» альбомымен таныстырып, табыс етті.