
2022 жылғы 21 ақпанда Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде латвиялық «AquariusForte» компаниясының басшылығымен кездесу өтті.
«AquariusForte» АҚ ауыл шаруашылығындағы инновациялық әзірлемелерге мамандандырылған және ауыл шаруашылығында «жасыл», экологиялық таза технологияларды тиімді пайдалану мәселелерінде Қазақстанның кәсіпорындарымен өзара тиімді ынтымақтастықты орнатуға мүдделі. Атап айтқанда, латвиялық компания үшін Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бір мезгілде балық өсіру және ауыл шаруашылығы дақылдарын топырақсыз өсіру негізінде Аквапоника әдісін қолдану тәжірибесі практикалық қызығушылық тудырады.
Қазақстан Елшісі латвиялық әріптестеріне біздің елмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері, шетелдік инвестициялар мен кәсіпкерлер үшін жеңілдіктер мен преференциялар туралы хабардар етті. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға жеке тоқталды. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау шараларына назар аударды.
Сұхбат соңында Латвия тарапы Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі өз ұсыныстарын Елшілікке ұсынатындығы туралы келісімге қол жеткізілді, олар «AquariusForte» АҚ-мен іскерлік байланыстар орнату үшін еліміздің салалық ұйымдарына жіберілетін болады.