
2022 жылғы 9 ақпанда Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетов Көлік және байланыс институтының (Transport and telecommunication institute, TSI) Басқарма төрағасы Ирина Яцкивпен және аталған ЖОО-ның ректоры Юрис Канелспен кездесті.
Кездесу барысында Латвиялық Көлік және байланыс институтымен Қазақстан үшін көлік және логистика, авиация, жасанды интеллект, электроника және робототехника, менеджмент және басқару бағыттары бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. TSI басшылығы Қазақстанмен жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастық ЖОО қызметіндегі басымдықтардың бірі болып табылатынын атап өтті. Көптеген жылдар бойы TSI «Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация академиясы» АҚ-мен серіктестік қатынастарды қолдайды және дамытады.
Еліміздің басқа да жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда TSI-де Қазақстанның 38 студенті бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуда.
Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Латвия тарапына тыңғылықты және сындарлы сұхбаты үшін алғысын білдірді.