Латвиялық кәсіпкерлер Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі

Латвиялық кәсіпкерлер Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі

Рига, 2022 жылғы 4 ақпан – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің бастамасымен Елші Тимур Пірімбетов Латвия сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Айгарс Ростовскиспен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Латвия кәсіпкерлері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары мен нысандары талқыланды. Екі елдің шағын және орта бизнесінің ресми деңгейде қабылданған уағдаластықтарды, оның ішінде экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының отырыстары аясында іс жүзінде іске асыруға қатысуына ерекше назар аударылды.

Т.Пірімбетов А.Ростовскисті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті. Мемлекет басшысының мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге, кәсіпкерлік қызмет үшін оңтайлы жағдай жасауға, шағын және орта бизнес субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бастамалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сондай-ақ, латвиялық сұхбаттасушы Қазақстан экономикасының түрлі салаларындағы шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа перспективалық жобалармен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша 2022 жылы бірлескен бизнес-форумдар, сауда миссиялары, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық семинарлар ұйымдастыру және өткізу жөніндегі перспективалық Іс-шаралар жоспарын дайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға тікелей қатысты басқа да шаралар және заңнамалық актілер туралы тұрақты негізде ақпарат алмасуға уағдаласты.

Латвия сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) 1934 жылы құрылған және шағын, орта ірі бизнес, қауымдастықтар мен кәсіби бірлестіктер өкілдері кіретін 6000-нан астам мүшені біріктіреді.

СӨП Еуропалық сауда-өнеркәсіп палаталары қауымдастығының (EUROCHAMBRES) және Халықаралық сауда палатасының (ICC) мүшесі болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 100-ге жуық, оның ішінде бірлескен латвиялық компаниялар жұмыс істейді, олардың 79-ы СӨП мүшелері болып табылады.