Экономикалық ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Экономикалық ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Рига, 2022 жылғы 31 қаңтарда – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетов Рига бизнес-клубының Басқарма төрағасы мен оның мүшелерімен кездесті.

Сұхбат барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Қазақстан Республикасы Латвиямен тауар айналымы бойынша ТМД елдері арасында бесінші орынға ие. Қазақстанда 100-ден астам латвиялық компания өз қызметін жүзеге асырады. Экономикалық ынтымақтастықтың маңызды тетігі кезекті отырысы өткен жылдың қараша айында өткен екіжақты Үкіметаралық комиссия болып табылады. Латвия айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген көлік және логистика, IT-технологиялар, жасыл экономика, құрылыс индустриясы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика сияқты салаларда ынтымақтастық үшін елеулі перспективалары бар.

Қазақстандық дипломат ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды жаңғыру күн тәртібіне ерекше назар аударып, ұлттық экономиканың одан әрі тұрақты өсуі үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға, заңнаманы және шаруашылық реттеу тетіктерін жетілдіруге, бизнес-ахуалды жақсартуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық реформаларға назар аударды.

Латвиялық кәсіпкерлер жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда қазақстандық серіктестермен коммерциялық байланыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін және мүдделілігін растады. Рига бизнес-клубының ағымдағы жылы Қазақстан-Латвия бизнес форумын әзірлеуге және өткізуге қатысуы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Кездесуге қатысқандарға перспективалы инвестициялық жобалар берілді.

Кездесу соңында Қазақстан Елшісі латвиялық бизнесмендерге екі елдің өзара тиімді экономикалық байланыстарын кеңейтуге және нығайтуға мүдделілігін білдіргендері үшін алғысын білдірді.

Рига бизнес-клубы 2005 жылы құрылды. Басқарма төрағасы «Balva SV» компаниясының басшысы Владимир Соломатин болып табылады. Клуб мүшелері-жиынтық жылдық айналымы бір млрд. еуродан асатын экономиканың түрлі салаларындағы латвиялық ірі кәсіпорындардың басшылары болып табылады.