Қазақстан Елшісі «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальды табыс етті

Қазақстан Елшісі «Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальды табыс етті

Ү.ж. 28 желтоқсанда Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін Балтық-Қазақстан экономикалық даму қауымдастығының төрағасы Александр Видякинге табыс етті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен А.Видякин экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Латвия ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуға қосқан зор үлесі үшін жоғары наградамен марапатталды.

2013 жылдан бастап А.Видякин Балтық-Қазақстан экономикалық даму қауымдастығының басшысы болып табылады, Қазақстанның Латвиядағы және жалпы Балтық өңіріндегі экономикалық мүдделерін ілгерілетуге белсенді қатысады. Сонымен қатар, Қауымдастықтың тікелей қолдауымен соңғы бірнеше жылда Латвияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері латыш тілінде жарық көріп, Абай өлеңдер жинағы қайта басылып шығарылды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойына және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай арнайы «Латвиялықтар Қазақстан туралы» альбомының шығуы жоспарлануда.

А.Видякин Қазақстан басшылығына өзінің қызметіне  берген жоғары бағасы үшін алғысын айтып, елімізді Тәуелсіздік мерейтойымен шын жүректен құттықтады.