
2021 жылғы 13 қазанда Алматы қаласында «TransLogistica Kazakhstan-2021» Халықаралық көрмесі шеңберінде Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының көлік мәселесі бойынша Жұмыс тобының 3-ші отырысы өтті.
Жұмыс тобын Қазақстан тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, ал Латвия тарапынан – Қатынас Министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Улдис Рейманис басқарды.
Кездесу ағымдағы жылдың қараша айының басына жоспарланған Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы қарсаңында өтті.
Жұмыс тобының мүшелері транзиттік-көлік саласы Қазақстан мен Латвия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізі болып табылатындығын растады. Латвияның теңіз порттары мен теміржол инфрақұрылымы арқылы қазақстандық тауарларды Еуропаға экспорттау және кері бағытта жүк тасымалдау мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар Алматы мен Рига қалалары арасында Латвияның «airBaltic» ұлттық әуе тасымалдаушысының тұрақты әуе қатынасын қайта жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.