Қазақстан мен Латвия арасындағы транзиттік көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Латвия арасындағы транзиттік көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Рига, 2021 жылғы 30 қыркүйек ­­– ­­Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов Латвия Республикасының байланыс министрі Талис Линкайтспен кездесті. Кездесу Қазақстан тарапының бастамасы бойынша өтті.

Кездесу барысында тараптар екі мемлекет үшін аталған саладағы ынтымақтастықтың басым маңыздылығын атап өтіп, транзиттік-көлік саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Латвия үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысын әзірлеу мен өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды, оның Латвия тарапынан тең төрағасы Линкайтс министрі болып табылады. Комиссияның қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев басқарады.

Алдағы отырыстың күн тәртібі мен хаттамасының жобалары, сондай-ақ іс-шараның мерзімдері мен форматы талқыланды.
Сонымен қатар, тараптар Латвия делегациясының ағымдағы жылғы 13-15 қазанында Алматы қаласында өтетін «Көлік және логистика 2021» халықаралық көлік көрмесіне қатысуы жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында Тимур Пірімбетов Латвия министрін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды, сондай-ақ Мемлекет басшысының басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылуы туралы хабардар етті.