Латвия Сыртқы істер министрлігі басшылығымен екіжақты ынтымақтастық келешегі талқыланды

Латвия Сыртқы істер министрлігі басшылығымен екіжақты ынтымақтастық келешегі талқыланды

2021 жылғы 18 ақпанда Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетовтің Латвия Республикасының Сыртқы істер министрлігі Екіжақты қатынастар жөніндегі бірінші департаментінің директоры Анджейс Вилюмсонспен кездесуі өтті.

Кездесу барысында екіжақты қатынастардың одан әрі даму мәселелері, Қазақстанның астанасында өтетін Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өткізу, сонымен қатар биік және жоғары деңгейдегі қазақстандық делегациялардың Латвия Республикасына іссапарларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Латвиялық дипломат Латвияның Қазақстан Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықтың нығаюына қатты қызығушылық білдіретіндігін растады. А.Вилюмсонс екі ел арасында БҰҰ және ЕҚЫҰ алаңдарындағы, әсіресе екі елдің халықаралық бастамаларын өзара қолдаудағы конструктивті әрекеттестікті жоғары бағалады.

Елші Т.Пірімбетов сұхбат барысында Мемлекет басшысы        Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен Қазақстандағы саяси реформаларға ерекше көңіл бөлді. А.Вилюмсонс, өз тарапынан, Қазақстанда саяси өзгерістерді сәтті жүргізудегі Латвияның қызығушылығын атап өтті.

Латвиялық дипломат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай Елшілік жоспарлаған іс-шаралар туралы хабардар болды.

Кездесу соңында тараптар жұмыс байланыстарын тұрақты жалғастырып отыруға уағдаласты.