
2021 жылдың 16 ақпанында Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Тимур Пірімбетов Латвия Республикасы Сеймінің депутаты, латвиялық-қазақстандық ынтымақтастық бойынша парламентаралық тобының басшысы Улдис Аугулис мырзамен онлайн форматында кездесу өткізді.
Т.Пірімбетов латвиялық депутатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырып жатқан Қазақстандағы саяси реформалармен, екіжақты ынтымақтастық дамуының жағдайы және келешегімен, сонымен қатар Рига қаласында Елшілік тарапынан өткізілетін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған іс-шаралармен жан-жақты таныстырды.
Сұхбат барысында парламентаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, тараптар өзара қолдау мен серіктестік қатынас бағытында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сонымен қатар екі ел Парламенттері арасындағы байланысты белсендіру мүмкіндігінің маңыздылығына бейілділігін растады.