2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың ұлы әншісі (сопрано), Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды.
Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы – халыққа қалтқысыз қызмет етудің, сахнаға деген адалдықтың және көрерменге деген шексіз құрметтің үлгісі.
Роза Бағланова – бүкіл дәуірдің ұлттық символы. Ол бүкілхалықтық құрметке ие болып, әлемге кең танымал болған алғашқы қазақ әншісі.
Роза Бағланованың өмір жолындағы маңызды бет – оның Ұлы Отан соғысы кезіндегі майдандық концерттері еді, олар үлкен жетістіктерге ие болды.
Роза Бағланова әлемдік деңгейдегі атақты орындаушылармен бір сахнада тұрып, көптеген танымал шетелдік мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен жеке таныс болды. Шетелде көп гастрольдік сапармен жүріп, әлемнің елуден астам елінде концерттер берген болатын.
Әншінің ән репертуары ауқымды әрі сан алуан – бұл әлемдік опера өнерінің туындылары, әртүрлі елдердің халық әндері, сондай-ақ заманауи композиторлардың әндері.
Роза Бағланова қазақ музыкалық өнерінің дамуына және көпшілікке танымал болуына баға жетпес үлес қосты.
Бұл аңызға айналған орындаушының еңбегі сансыз зор. Ол ең жоғары мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға, сондай-ақ халықаралық байқаулар мен фестивальдердің дипломдарына ие болған.
Роза Бағланова туралы көптеген кітаптар жазылды, поэтикалық шығармалар жинақталды, көркем және деректі фильмдер түсірілді. Ұлы қазақ әншісінің есімі әлемдегі әйелдер туралы «Кто есть кто» атты англо-американ энциклопедиясының бірінші шығарылымына енгізілді.
Роза Бағланованың шығармашылығы Қазақстанда өте танымал. Оның өмірлік және кәсіби жолы қазақстандық жас орындаушылар үшін үлгі және шабыт көзі болып табылады.
2021 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясында 2022-2023 жылдарға арналған Атаулы күндер күнтізбесі қабылданып, оған Роза Бағланованың 100 жылдығын мерекелеу ресми түрде енгізілді.
Осы атаулы күннің құрметіне, Қазақстан Республикасында және шетелде бірқатар мерейтойлық іс-шаралардың өткізілуі жоспарлануда.