GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Все материалы
19 октября 2026
Шетелдегі отандастар арасында «OQ Startup» үздік жобалар шығармашылық байқауы

Шетелдегі отандастар арасында «OQ Startup» үздік жобалар шығармашылық байқауының ЕРЕЖЕСІ

I. Байқаудың негізгі мақсаты

«OQ Startup» үздік жобалар байқауы ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге арналған байқау.

Негізгі мақсаты шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтардың төл жобаларын Қазақстанда таныту, өзара байланыс орнатуына ықпал ету және шығармашылығына қолдау көрсету.

II. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
— Байқауға 15-30 жас аралығындағы шетел азаматы болып табылатын ұлты қазақ отандастар қатыса алады;
— Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобалар қабылданады;
— Қатысушы өз жобасын таныстыру үшін төмендегі материалдарды ұсынуы қажет:

1. Жобаның таныстырылымы:
— ұзақтығы 2 минуттан аспайтын көлденеңінен түсірілген MP3 немесе MOV форматындағы бейнеролик немесе көлемі 10 слайдтан аспайтын PPTX немесе PDF форматындағы презентация.

Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.

2. Жоба туралы қысқаша анықтама (PDF форматында).

Анықтамада міндетті түрде келесі ақпараттар қамтылуы қажет:
— жобаның атауы;
— жобаның өзектілігі және шешуге бағытталған мәселесі;
— жобаның мақсаты;
— жобаның негізгі міндеттері;
— мақсатты аудиториясы (жоба кімдерге арналғаны);
— жобаны іске асыру тетігі және негізгі іс-шаралары;
— жобаны іске асыру мерзімі;
— күтілетін нәтижелері;
— жобаны іске асыру үшін қажетті ресурстар.

Егер жобаны іске асыру үшін қаржыландыру қажет болса, қатысушы PDF құжатында сұралатын қаражат көлемін және оның нақты сметасын көрсетуі тиіс. Сметада әрбір шығын бабының атауы, саны, бірлік құны және жалпы құны көрсетілуі қажет.

Ұсынылатын бейнеролик немесе презентация жобаны қысқа әрі нақты таныстыруға, ал PDF форматындағы анықтама жобаның мазмұнын толық түсіндіруге мүмкіндік беруі тиіс.

Байқауға іске асырылуы басталған, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан, сондай-ақ іске асырылуы жоспарланған жобалар қатыса алады.

Жоба бұрыннан іске асырылып жатқан жағдайда, қатысушы оның қазіргі нәтижелері, қол жеткізген көрсеткіштері және жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат ұсынуы қажет.

Ал іске асырылуы жоспарланған жоба бойынша оның мақсаты, міндеттері, іске асыру кезеңдері, мерзімі және күтілетін нәтижелері нақты көрсетілуі тиіс.

4. Жұмыстар Oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;

5. Қатысушы жұмысын өзі туралы ақпаратпен қоса (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын университеті мен курсы, жасы) 30 қазан 2026 ж. дейін жіберуі керек;

6. Қатысушы жұмысын жібере отырып Отандастар қорының әлеуметтік желілерінде (Facebook, Instagram, Telegram) және ресми сайтында жұмысының жариялануына келісім береді.

7. Байқауға жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде қабылданады.

III. Байқау мерзімі
Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 30 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін қабылданады. Қазылар алқасы байқау аяқталғаннан кейін 30 күннің ішінде жеңімпаздарды анықтайды.

IV. Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер төмендегідей марапатталады.
— 1 орын – Ноутбук, диплом
— 2 орын – Планшет, диплом
— 3 орын – Смарт-сағат, диплом
— Ынталандыру сыйлығы: Үстел ойыны (Бестемше), марапаттау

16 октября 2026
Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңның аудионұсқалары онлайн қолжетімді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудионұсқада қолжетімді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы:

Қазақ тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=kk

Орыс тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=ru

Ағылшын тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/247111?lang=en

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң:

Қазақ тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=kk

Орыс тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=ru

Ағылшын тілінде:

https://www.gov.kz/org/ksrk/press/article/details/248246?lang=en

Бұл бастама құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, конституциялық заңнамаға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Ағылшын тіліндегі аудионұсқалар шетелдік аудиторияға Конституцияның негізгі ережелерімен және Конституциялық Соттың қызметін реттейтін заңнамамен танысуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ресми ақпараттық ресурстары:

Ресми сайт: https://www.gov.kz/org/ksrk?lang=kk

Telegram: https://t.me/consot_kz

Instagram: https://www.instagram.com/consud_kz

Facebook: https://www.facebook.com/share/18PYtTuBuU/

09 октября 2026
Мароккода Кітап оқуды сүйушілер клубы құрылды
Рабатта Мароккода тұратын қазақстандықтардың басын қосқан Кітап оқуды сүйушілер клубының алғашқы отырысы өтті. Бұл жаңа бастама оқу мәдениетін танымал етуге және интеллектуалдық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған.
Алғашқы кездесуде қатысушылар белгілі ойшыл әрі жазушы Халил Жебранның «Пайғамбар» атты туындысын талқылады. Бұл кітап адам болмысының мәңгілік сұрақтарын, махаббат, бостандық, жауапкершілік, рухани ізденіс пен адамдар арасындағы қарым-қатынасты қозғайды. Ой-бөлісу өте жанды әрі қызықты ахуалда өтті. Қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, автордың философиялық идеялары төңірегінде толғанып, бір-біріне мазмұнды сұрақтар қойды.
Клубтың құрылуы Қазақстанның қазіргі күн тәртібімен үндес келеді, онда әсіресе жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту және оқуға құштар ұлтты қалыптастыру жөніндегі бастамасы, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кітапты дәріптеуге бағытталған жобалары кітап оқудың адами капиталды дамытудың негізгі факторы ретіндегі маңызын айқындай түседі.
2026 жылы Рабат қаласының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік кітап астанасы деген мәртебелі атаққа ие болуы бұл бастамаға ерекше символикалық мән береді. Жыл бойы Марокко астанасында кітап оқуды танымал етуге, білімге қолжетімділікті кеңейтуге және мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған көптеген мәдени іс-шаралар өткізілуде. Бұл тұрғыда әдебиетке қызығушылық танытқан қазақстандықтар клубының құрылуы ерекше маңызға ие болып, оқу мәдениетін ілгерілету, интеллектуалдық даму және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жөніндегі жалпы үрдістің ажырамас бөлігіне айналды.
 
09 октября 2026
Қазақстанның Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Рабаттағы Мұхаммед VI атындағы жаңа Халықаралық университеттік аурухана кешеніне (ХУАК) барып, оның жұмысымен танысты
Аталған нысанды Жоғары Мәртебелі Король Мұхаммед VI 2025 жылғы қарашада салтанатты түрде ашқан болатын.
 
Елшінің Рабаттағы Мұхаммед VI атындағы Халықаралық университеттік аурухананың Бас директоры Абдельмаджид Муссауимен кездесуі барысында медицина саласында тәжірибе және студенттермен алмасу бойынша Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. А. Муссауи ХУАК-тың негізгі қызмет бағыттары туралы айтып, мекеменің халықаралық стандарттарға сай келетінін және барлық азаматтар үшін қолжетімді жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсететінін атап өтті.
 
Кешен 280 000 м² аумаққа бой көтерген және бір-бірін толықтыратын екі нысанды қамтиды: Халықаралық университеттік аурухана (190 000 м²) және Мұхаммед VI атындағы Медициналық және биологиялық ғылымдар университеті (90 000 м²). Аурухана 600 төсек-орынға есептелген, оны 1000 орынға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Ол роботтандырылған хирургия, нейрохирургия, интервенциялық кардиология, онкология, сәулелік терапия және озық медициналық визуализация сияқты бағыттарды қамтитын жоғары санаттағы 30-дан астам мамандандырылған хирургиялық және медициналық-техникалық орталықтардан тұрады.
 
Ауруханада 24 заманауи ота жасау бөлмесі бар. Олардың 19-ы жалпы ауданы 3400 м² құрайтын, құрамында гибридті және роботтандырылған залдары бар интеграцияланған ота жасау блогында орналасқан.
 
Кешеннің бірегей бөлімшелерінің қатарында ауыр күйік алған пациенттерді емдеуге арналған мамандандырылған бөлімді, сондай-ақ Мароккодағы озық емдеу әдістерін қолдану мен физиологиялық зерттеулер жүргізуге арналған жалғыз гипербариялық оксигенация бөлімін атап өтуге болады.
 
Пациентке бағдарланған ХУАК қолжетімділікті, қауіпсіздікті және медициналық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз ететін кешенді әрі жеке емдеу бағдарламаларын ұсынады.
 
Сонымен қатар, бұл мекеме Мұхаммед VI атындағы Медициналық және биологиялық ғылымдар университеті студенттерінің озық клиникалық және технологиялық ортаға толықтай енуін қамтамасыз ете отырып, олар үшін таптырмас тәжірибелік база болып келеді.
08 октября 2026
2026 жылғы 7 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Вице-Президенті — Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті.
Оның жұмысына 20 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың 30-дан астам беделді өкілі қатысты.
 
Ерлан Қарин бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім, адамды құрметтеу сияқты конституциялық құндылықтар Қазақстанның даму бағдарын айқындайтын маңызды қағидаттар екенін, мұның Съезд миссиясымен үндесетінін атап өтті. Осы ұстанымдарға арқа сүйей отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз теңгерімді және бейбіт сипатта дәйекті сыртқы саясат жүргізіп келеді.
Съезд осы жылдар ішінде дінаралық диалогтың бірегей алаңы ретінде қалыптасты. Оның әріптестік желісі кеңейіп, діни бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығы нығая түсті.
 
— Осыған дейін қалыптасқан құндылықтар іргетасы Съездің практикалық мазмұнын кеңейтуге мүмкіндік береді. Құжаттарды бірлесіп әзірлеуге, әріптестікті нығайтуға және нақты жобаларды іске асыруға жол ашады, — деді Вице-Президент.
Бұл — қарулы қақтығыстар, гуманитарлық дағдарыстар, радикалды идеялар мен өшпенділік белгілері белең алып, климаттық және технологиялық сын-қатерлер күшейе түскен қазіргі кезеңде айрықша өзекті міндет. Мұндай жағдайда рухани дипломатия саяси келіссөздерді толықтырып, өзара байланыс арналарын сақтауға және сенімді қалпына келтіруге ықпал етеді.
 
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Съезд аясында діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруге бағытталған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі бастамасына арнайы тоқталды.
Отырыс соңында 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын дамыту мақсатында әзірленген екі халықаралық құжат қабылданды. Олар — «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі».
 
Бірінші құжат экологиялық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған және қоршаған ортаға қамқорлық пен азаматтық жауапкершілікті ұштастыратын Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасының философиясымен үндеседі.
 
Этикалық кодекс Президенттің жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі Дінаралық комиссия құруды және алгоритмдерге арналған әмбебап «өсиеттерді» әзірлеуді көздейтін бастамасын одан әрі ілгерілетеді. Құжат технологияларды жауапкершілікпен қолдануға шақырады әрі діни мәтіндерді бұрмалауға, цифрлық жалған контент әзірлеуге, кемсітушілікке және адамдардың сеніміне манипуляция жасауға тосқауыл қоюға арналған.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы — «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары хартиясы» таныстырылды. Құжатты әзірлеуге «Бамбино Джезу» ауруханасының сарапшылары атсалысты. Хатшылық Хартияға қатысты жұмысты одан әрі жалғастыруды қолдады.
 
«Астана бейбітшілік декларациясы — 2025» құжатын іске асыру аясында Хатшылыққа серіктестермен бірлесіп, Жаһандық бейбітшілік қозғалысының тұжырымдамасы мен оны қалыптастыру және халықаралық деңгейде ілгерілетудің кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспарын әзірлеу тапсырылды.
05 октября 2026
Астана мен Алматы әлемнің ТОП-300 қаласының қатарына енді

Oxford Economics ұсынған 2026 жылғы Global Cities Index рейтингінде Алматы 265-орынға, Астана 281-орынға ие болды. Рейтинг әлемнің 1 000 қаласын экономика, адами капитал, өмір сапасы, қоршаған орта және басқару көрсеткіштері бойынша бағалайды.

Қазақстандық қалалар адами капитал көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті: Алматы – әлемде 66-орында, Астана – 98-орында. Сондай-ақ Астана өңірлік маңызы жоғары қалалар санатына жатқызылды.

05 октября 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты
2026 жылғы 2 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауында сөз сөйлеп, аталған фестивальдің ерекшелігін атап өтті.
 
– «Astana AI Film Festival» – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл, жасампаз азаматтар сынға түсетін, бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Бұл – ұшқыр ой мен тың бастамалардың бәсекесі. Қазіргі заман – білім мен ғылымның және озық инновацияның дәуірі. Жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Бір сөзбен, технологиялық ілгерілеу, яғни прогресс жаппай жаһандық сипатқа ие болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 
Президент жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың өзектілігіне тоқталды. Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқан тұста саясаткерлер, ғалымдар мен сала көшбасшылары жасанды интеллект мүмкіндіктерінің және оны бақылаусыз қолданудың қатері арта түскеніне алаңдаулы. Бір анығы, бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес. Менің ойымша, оған ешкімнің таласы жоқ. Адамзат тарихында Прометей алауы өркендеудің нышаны болумен қатар дүлей күш ретінде де қарастырылды. Ядролық энергетикаға қатысты да осы мысалды келтіруге болады. Сондықтан ең әуелі қауіпсіздікке баса назар аударып, жасанды интеллектіні дамыту мен жауапкершілікпен қолдану ережесін әзірлегеніміз жөн. Бұл өскелең ұрпақтың алаңсыз келешегі үшін қажет. Болашақ технологиясының зор шығармашылық әлеуетін игілікке жарату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бүгінгі фестивальдің басты идеясы да осы, – деді Президент.
 
Қ.Тоқаев өз сөзін қорытындылай келе, фестивальдің халықаралық ауқымын атап өтті. Деректерге сәйкес, байқауға АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция сияқты 125 елден 8000-нан астам өтінім келіп түскен.
02 октября 2026
Қазақстан жаһандық инновациялар индексінде онжылдықтағы үздік нәтижесін көрсетті
Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index 2026 рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, әлемнің 139 экономикасы арасында 73-орынға ие болды. Бұл – еліміздің соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіші.
 
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында 1-орынға, Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында 2-орынға шықты. Инновациялық нәтижелер субиндексі бойынша ел бірден 11 сатыға көтеріліп, 73-орынға орналасты.
29 сентября 2026
Астанада Қазақстан мен Қасиетті Тақтың балаларды қорғау мәселелері жөніндегі II бірлескен коллоквиумы өтеді
2026 жылғы 2–3 қазанда Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы мен Орталықтың II бірлескен коллоквиумын өткізеді. Коллоквиумның басты тақырыбы осал топтарға жататын балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.
 
Коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы 2024 жылғы сәуірде басталған диалогтың жалғасы болмақ. Аталған диалог Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Ватиканға жасаған сапары аясында өткен алғашқы бірлескен кездесуден бастау алған.
 
Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология саласындағы мамандар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.
Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық, науқас балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатриядағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.
 
Талқылаудың негізгі бағдарларының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы болады. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің практикалық үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.
 
Өткізілетін күні: 2026 жылғы 2–3 қазан
Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1қабат
Іс-шараның басталуы: сағат 10:30.
28 сентября 2026
Қазақстан Елшісі Рабатта африкалық елшілермен кездесулер өткізді

2026 жылғы 23-24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Рабатта аккредиттелген Того Республикасының Елшісі Мессан Амакое Клутсемен, Гамбия Республикасының Елшісі Фодей Малангпен, Гвинея-Бисау Республикасының Елшісі Филомена Мендешпен, Мали Республикасының Елшісі Фафре Камарамен және Сьерра-Леоне Республикасының Елшісі Момоду Коромамен бірқатар кездесулер өткізді.

Қазақ дипломаты сұхбаттасушыларды Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарымен және жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың барысымен таныстырды. Елші Астананың Африка мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән беретінін және құрлықты болашағы зор әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті. Бұған Того, Гвинея-Бисау, Конго Республикасы, Руанда, Конго Демократиялық Республикасы мен Кения президенттерінің, сондай-ақ Буркина-Фасо, Сьерра-Леоне және басқа да елдердің сыртқы істер министрлерінің Қазақстанға жақында жасаған сапарлары дәлел ретінде келтірді.

Африкалық елшілер Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістерге жоғары баға берді. Олардың пікірінше, Қазақстан қарқынды дамып келеді, ал оның тәжірибесі көптеген мемлекеттер үшін үлкен қызығушылық тудырады. Сондай-ақ, дипломаттар соңғы жылдары Қазақстанның әлемдегі және өз елдеріндегі беделі мен танымалдығы айтарлықтай артқанын атап өтті.

Тараптар соңғы жылдардағы екіжақты байланыстардың оң серпінін қанағаттанушылықпен атап өтті. Сауда-экономикалық әріптестіктің әлеуетіне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Әңгімелесушілер жаһандық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты. Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ, ИЫҰ және АҚИҰ аясындағы өзара іс-қимыл жеке талқыланды.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және практикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделігін растады.

Қазақстан Елшілігі Мароккомен қарым-қатынасты дамытумен қатар Того, Буркина-Фасо, Габон, Гвинея-Бисау, Мали және Сьерра-Леоне елдерімен екіжақты өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік етеді.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы