Парламентаралық ынтымақтастықты арттыру Қазақстан мен Марокконың басты назарында

Парламентаралық ынтымақтастықты арттыру  Қазақстан мен Марокконың басты назарында

2023 жылғы 28 шілде, Рабат қаласы – Елші Сәулекүл Сайлауқызы Марокко Корольдігінің Парламенті Кеңесшілер палатасының (жоғарғы палата) Президенті Энаам Миярамен кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.

Энаам Мияра 2014 жылы Марокконың Кеңесшілер палатасының Спикері болған Мұхаммед Әл-Шейх Биядилланың Қазақстанға және жауап ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат Спикері кезіндегі Мароккоға ресми сапарларының нәтижелерін атап айтып, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру қызығушылығын жеткізді.

Өз кезегінде, Елші Қазақстан мен Марокко арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ білім және діни байланыстардың әлеуетіне назар аударды. Қазақстанда орын алып жатқан конституциялық реформалар және халықаралық бастамалары туралы ақпарат берілді.   

Кеңесшілер палатасы Марокко Парламентінің жоғарғы палатасы болып табылады. Кеңесшілер палатасы 6 жылға сайланатын 120 депутаттан құралған. Депутаттар жанама түрде ауылдық және аймақтық сайлау арқылы сайланады.