Мароккода қазақтың ұлттық тағамдарын пісіруді үйретті

Мароккода қазақтың ұлттық тағамдарын пісіруді үйретті

2022 жылғы 29 наурыз, Рабат қаласы

Мароккода қазақтың ұлттық тағамдарын пісіруді үйретті.

Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Гиш-Лоудая» атты Қонақ үй бизнесі және туризм оқу орталығында Қазақстан мен Түркияның Рабаттағы Елшіліктерінің ұйымдастыруымен қазақ және түрік ұлттық тағамдарын пісіру бойынша шеберлік сабағы өтті.

Іс-шара барысында Елшілік пен қазақстандық диаспора өкілдері оқу орталығының студенттері мен оқытушыларына Наурыз-көже, бесбармақ, қазы, самса және бауырсақ секілді ұлттық тағамдарды пісіру тәжірибесімен бөлісті.

Мастер-класстан кейін дәстүрлі қазақ дастарханы жайылып, Наурыз мейрамына құрметті қонақтар ретінде шақырылған Мароккодағы Елшілер, мемлекеттік органдар, бизнес, БАҚ және ғылыми орта өкілдеріне қазақ тағамдары ұсынылды.

Елші С.Сайлауқызы өз сөзінде Наурыздың Қазақстан халқы үшін үлкен тарихи-мәдени және идеологиялық маңызы бар екенін, азаматтарды жасампаз дамудың ортақ міндеті төңірегінде топтастырып, табиғаттың жаңаруын ғана емес, жалпы қоғам мен елдің дамуын бейнелейтінін атап өтті. Сонымен қатар, Елші Марокко тұрғындарына Қазақстанның мәдениетімен және оның ұлттық тағамдарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген іс-шараның маңыздылығына тоқтады.

Мереке аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері, А.Байтұрсынұлы, А.Бөкейханұлы, Р.Бағланова сияқты Қазақстанның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстан мен Марокко арасындағы екіжақты қарым-қатынастар туралы фотокөрме ұйымдастырылды.

Іс-шара шеңберінде Қазақстанның жетістіктері мен Наурыз мейрамын тойлау туралы деректі фильмдер көрсетіліп, қонақтарға қазақтың танымалы күйлері қойылды.