Марокконың БАҚ-тары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Марокконың БАҚ-тары Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

2022 жылғы 9 наурыз, Рабат қаласы.

Қазақстанның Рабаттағы Елшісі Саулекүл Сайлауқызы Марокколық ақпарат агенттігінің (Maghreb Arabe Presse, MAP) Бас директоры Халил Хачими Идрисимен кездесті.

Кездесу достық және сындарлы атмосферада өтіп, тараптар Қазақстан мен Марокко арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.

С.Сайлауқызы бұқаралық ақпарат құралдарының жаһандық дипломатиядағы ерекше рөлін атап айтып, Елшіліктің екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жоспарларымен бөлісті.

Өз кезегінде Х.Идриси MAP-тың қазақстандық ақпарат агенттіктерімен серіктестік орнату маңыздылығына тоқтап, Марокко тұрғындарын Қазақстан мен Орталық Азиядағы жаңалықтармен, қазақстандықтарды марокколық және Мағриб пен Африка елдерінің өзекті және сапалы жаналықтармен таныстыруға мүмкіндік беру мақсатында екіжақты ынтымақтастық туралы құжатқа қол қоюдың өзектілігін растады. Сондай-ақ, Елшілікпен бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша Елші МАР журналистеріне шағын сұхбат берді.