
Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, африкалық ынтымақтастық және шетелде тұратын марокколықтар жөніндегі министрлігінің Екіжақты қатынастар және өңірлік мәселелер жөніндегі Бас директоры, Елші Фуад Язурмен кездесті.
Кездесу барысында Елші С.Сайлауқызы Елші, Бас директор Ф.Язурға Қазақстанда орын алған оқиғалар, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бітімгерлерінің еліміздегі миссиясының мақсаты, Қазақстандағы ахуал тұрақталып келуіне орай бітімгерлік миссияның аяқталып келуі жөнінде ақпарат берді.
Бас директор Ф.Язур Қазақстандағы оқиғаларды мұқият қадағалап отырғандығы және достас Қазақстан Үкіметі мен оның халқын қолдайтынын жеткізіп, Марокко қандайда Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге және елдің тұтастығын бұзуға қарсы екендігін мәлімдеді.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Марокко арасында дипломатиялық қатынастардың орнауының 30-жылдығы аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.