Касабланкада Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Касабланкада Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

2021 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшілігі және Касабланка-Сеттат өңірінің Сауда-өнеркәсіптік палатасы ұйымдастырған бизнес-форум шеңберінде екі елдің өкілдері сауда-экономикалық инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Іс-шараға Марокконың 70-тен астам бизнес, үкіметтік ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Форумның ашылу рәсімінде Елші С.Сайлауқызы «Біз Марокконы Еуропа мен Африка арасындағы көпір ретінде қарастыра отырып, Корольдікпен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береміз. Екі ел арасында көптеген ұқсастықтардың бар екенін атап өтуге болады. Мысал ретінде Қазақстан Қытай, Еуропа және ЕАЭО нарықтарын өзара байланыстыратын маңызды рөлге ие» деп атап өтті.

Ісшараға қазақ тарапынан ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті, «Kazakh Invest» ҰК АҚ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы АҚ және Қазақстанның сыртқы сауда палатасының өкілдері онлайн қатысып, инвестициялық ахуалды жақсарту және елдегі басым және әлеуетті салаларды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Іс-шара аясында Елшінің Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған фотокөрмесі мен жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифингі өтті. Оның барысында қатысушылар елдің сыртқы саяси бастамалары, реформалары, қазіргі ішкі саяси жағдайы, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктерімен таныстырылды.