Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысына қатысып, Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Вице-Президенті мен Премьер-министрінің кандидатураларын Құрылтай депутаттарымен келісті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді, Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады.
Президент бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынды.
– Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы партиялар фракциялары жетекшілерінің пікірін ескере отырып, Үкімет басшысы лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
– Ол – мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді. Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істелуі керек. Жалпы, еліміздің Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтуға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерді бәріміз бірге ойдағыдай, сәтті шешуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Вице-Президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасы, Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасы депутаттардың басым дауысымен қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Вице-Президент және Премьер-министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды қолдағаны үшін Құрылтай депутаттарына ризашылығын білдірді.
Құрметті отандастар!
Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.
Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.
Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.
Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.
Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.
Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
2026 жылғы 27-30 тамыз аралығында Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы өтті.
Ұлттық үйлестірушілер 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысының қорытынды құжаттарының жобаларын қарастырды, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ұйым қызметін жетілдірудің өзекті аспектілеріне және оның шарттық-құқықтық базасын нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Бішкек қаласында өтетін Мемлекет басшыларының алдағы Саммиті ШЫҰ-ны одан әрі дамыту тұрғысынан айрықша маңызға ие. Ұйымның 25 жылдығы атап өтілетін биылғы жылы өткен кезеңді қорытындылап қана қоймай, алдағы өзара іс-қимылдың нақты бағдарларын айқындау маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның тиімді әрі теңгерімді көпжақты құрылым ретіндегі рөлін нығайтуға айрықша мән береді», - деді Қазақстан Республикасының ШЫҰ істері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев.
ШЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша Ұйым қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ауқымды құжаттар топтамасын қабылдау жоспарлануда. Олардың қатарында ШЫҰ-ның 25 жылдығына орайластырылған Бішкек декларациясы бар.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Жидда, 2026 жылғы 27 тамыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 23-ші кезектен тыс сессиясына қатысты.
Жабық жұмыс отырысының негізгі тақырыбы Палестинадағы қазіргі жағдайды талқылауға арналды. Қатысушылар палестиналық аумақтарда шиеленістің сақталып отырғанын, күрделі гуманитарлық ахуалды және тұрақсыздықтың өңірде одан әрі таралу тәуекелдерін атап өтті. Отырыста шиеленісті бәсеңдетуге, гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге және саяси реттеу жолдарын іздеуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді жалғастыру қажеттігі де атап өтілді.
Өз сөзінде А. Исагалиев палестиналық қақтығысты мүмкіндігінше тез арада тек саяси-дипломатиялық әдістермен реттеу қажеттігін мәлімдеді. Қазақстан делегациясының басшысы Қазақстанның Палестина халқына қолдау көрсетуге практикалық үлес қосуға дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, азық-түлік көмегін көрсету, Газадағы әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіруге қатысу және Палестина жастарына білім беру гранттарын бөлу ұсынылды. Қазақстан тарапы Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілікке тек «екі халыққа – екі мемлекет» қағидаты негізінде, астанасы Шығыс Иерусалим болатын 1967 жылғы шекаралар шегіндегі тәуелсіз Палестина мемлекетін құру арқылы қол жеткізуге болатынын растады.
Сессия қорытындысы бойынша Палестина жөніндегі қарар қабылданып, сондай-ақ ИЫҰ-ның жаңа Бас хатшысы сайланды.
Претория қаласында Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуеті мен Оңтүстік Африка Республикасымен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Елшілігі Оңтүстік Африка–Қазақстан сауда-мәдени қауымдастығының (SAKTCA) қолдауымен ұйымдастырды. Кездесуге жергілікті бизнес өкілдері, инвесторлар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі Еркін Ахинжанов қатысушыларды елімізде жүзеге асырылып жатқан дәйекті саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етті. «2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі және Құрылтайға өткен сайлау ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әртараптандырылуын күшейтуге бағытталған институционалдық негіз қалыптастырып, бизнестің ұзақ мерзімді дамуына қолайлы жағдай жасап отыр», – деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Таныстырылым барысында шетелдік кәсіпкерлерге Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен инвестиция салуға перспективалы салалар ұсынылды. Олардың қатарында көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, металлургия, тау-кен өнеркәсібі, инновациялар мен технологиялар бар.
Инвесторлардың ерекше қызығушылығын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері, сондай-ақ шетелдік компанияларға кең ауқымды жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін ұсынатын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар тудырды.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу және сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оңтүстік Африка Республикасының іскер топтарының өкілдері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, екі ел арасындағы өзара тиімді экономикалық әріптестікті дамытуға бағытталған практикалық диалогты жалғастыруға ниет білдірді.
Астана, 2026 жылғы 19 тамыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ТМД-ның бірінші волонтерлер форумына қатысуға келген БҰҰ Еріктілер бағдарламасының (БҰҰЕБ) Атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның бастамасымен жарияланған Орнықты даму жолындағы Халықаралық еріктілер жылын өткізу аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Т.Курбанов Қазақстанның волонтерлік қозғалысты жаһандық деңгейде ілгерілетудегі көшбасшылық рөлін жоғары бағалап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарар қабылдауын халықаралық еріктілік күн тәртібін дамытуға қосылған елеулі үлес ретінде атап өтті.
Әңгімелесушіге Қазақстанның экологиялық еріктілік саласындағы жетістіктері, атап айтқанда, Каспий теңізін сақтау және Арал маңы өңірін қалпына келтіру жөніндегі бастамалар мен жобалар, сондай-ақ азаматтық қоғамды жұмылдырудың үлгісіне айналған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы таныстырылды.
Тараптар қазақстандық волонтерлердің БҰҰ-ның халықаралық агенттіктерінің қызметіне, оның ішінде БҰҰЕБ-ның Толық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде, қатысуын күшейту мәселесін талқылады. Сонымен қатар Қазақстанның еріктілік бастамаларын БҰҰЕБ-ның Арнайы қоры арқылы ілгерілетуге қатысуын кеңейту жөнінде уағдаласты.
Тараптар 2026 жылдан кейінгі кезеңде ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде еріктілік күн тәртібін одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін растады. Т.Курбанов БҰҰЕБ-ның Қазақстанның еріктілік саласындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін білдірді.
Астана, 2026 жылғы 18 тамыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Қазақстан Республикасында қоса атқару бойынша аккредиттелген Намибия Республикасының жаңадан тағайындалған Елшісі Моника Нашандиның сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Намибия Елшісін құттықтай отырып, А. Исағалиев оның дипломатиялық миссиясы екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастар мен өзара тиімді іс-қимылды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Тараптар саяси диалогты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында екіжақты және көпжақты форматтарда белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктері расталды.
Астана, 2026 жылғы 14 тамыз - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Серікқали Брекешевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Сыртқы істер министрлігі мен KAZENERGY энергетикалық дипломатия, халықаралық ынтымақтастық саласындағы және Қазақстанның энергетикалық әлеуетін халықаралық салалық алаңдарда таныстыруда өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Шетелдік инвестицияларды энергетика секторына тарту, шетелдік компаниялармен, халықаралық ұйымдармен және салалық бірлестіктермен өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар 2026 жылғы 11 - 15 қазан аралығында Эр-Рияд қаласында өтетін XXV WPC Energy Дүниежүзілік конгресіне Қазақстанның қатысу дайындығын қарастырды. Қазақ тарапы Конгресс алаңын елдің инвестициялық және технологиялық мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ Астананы 2028 жылы келесі WPC Energy Дүниежүзілік конгресін өткізу орны ретінде ілгерілету үшін пайдалануды жоспарлап отыр.
Осы тұрғыда 2028 жылғы 11 - 15 маусымда Астанада өтетін XXVI WPC Energy Дүниежүзілік конгресіне дайындық мәселелері талқыланды. Конгресті өткізу энергетика мәселелері бойынша халықаралық диалогты дамытуға және Қазақстанның жетекші халықаралық компаниялармен және сарапшылар қоғамдастығымен өзара іс-қимылын кеңейтуге маңызды үлес қосады.
Конгрестің халықаралық іскерлік бағдарламасын талқылау шеңберінде тараптар іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 40-шы пленарлық отырысы кезеңінде өткізу мүмкіндігін атап өтті. Мұндай формат бір алаңда мемлекет өкілдерін, ірі халықаралық энергетикалық корпорациялардың басшыларын және жетекші шетелдік инвесторларды біріктіруге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша энергетикалық дипломатияны дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның энергетика секторына шетелдік инвестицияларды тарту бойынша күш-жігерді әрі қарай үйлестіруге дайындық расталды.
Астана, 2026 жылғы 12 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) Бас директоры Берік Арынмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Ұйымға мүше мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан мен АҚИҰ арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.
А.Исағалиев АҚИҰ-ны құрудың бастамашысы және қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның оның әлеуетін толық іске асыруға және халықаралық беделін одан әрі арттыруға мүдделі екенін атап өтті.
Өз кезегінде, АҚИҰ Бас директоры бірқатар мақсатты жобалардың іске асырылу барысы туралы, оның ішінде Қазақстан аумағында Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығындағы биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған Гендік банк құру жобасы туралы мәлімет берді.
Кездесу соңында тараптар Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) кеңістігіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу мақсатында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
АҚИҰ 2013 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен ИЫҰ мамандандырылған құрылымы ретінде құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан.
2026 жылғы 13-14 мамырда өткен АҚИҰ Бас ассамблеясының
7-сессиясы аясында Ұйымдағы төрағалық Қазақстанға өтті.
Астана, 2026 жылғы 12 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурды қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.
Е.Көшербаев сұхбаттасын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар етіп, елдің дамудағы жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Осыған байланысты 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іс жүзінде іске асырудағы маңызды кезең болатыны аталып өтті.
Өз кезегінде, америкалық тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады және энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестициялар салаларындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
Су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында сондай-ақ 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін «G20» саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Саммитке Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды түрде қалыптастыру мақсатында одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін білдірді.