Биыл Қазақстан және бүкіл халықаралық қоғамдастық, Отырарда (қазіргі Қазақстан Республикасының аумағы) дүниеге келген және ортағасырлық заманда өмір сүрген Шығыстың ұлы философы әрі ғалымы, зиялы қауым тарапынан Әлемнің Екінші ұстазы деп танылған ӘБУ НАСЫР МҰХАММАД ИБН МУХАММАД ИБН ТАРХАН ИБН ҰЗЛАҒ ӘЛ-ФАРАБИ АТ-ТУРКИДІҢ (870-950 ж.ж.) 1150-жылдық мерейтойын атап өтуде.
Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (UNESCO) 40-шы Бас конференциясы, Әл-Фарабидің мерейтойын дүниежүзілік деңгейде мерекелеу туралы бастаманы, өзінің 2019 жылғы 25 қарашадағы 68-қарарымен мақұлдады. Кейіннен UNESCO Атқарушы кеңесі оcы мерейтойды өзінің 2020 жылға арналған Іс-шаралар күнтізбесіне қосып, барлық мемлекеттерді оны қолдауға және осы мақсатта өз үлестерін қосуға шақырды.
Осы орайда Қазақстанның Оңтүстік Африкадағы Елшілігі, өзінің веб-сайтында және Facebook парақшасында, әл-Фарабидің ең үздік туындыларының бірі болып табылатын:
«МІНСІЗ МЕМЛЕКЕТКЕ ҰМТЫЛУ ҚАЖЕТТІЛІГІ ТУРАЛЫ ҒАҚЛИЯ:
Әлемдік тәртіп, адамзат, қоғам және мемлекет туралы нақыл сөздер»
атты кітабын жариялауға қуанышты.
Кітаптың doc және ppt форматтағы 1-сөзін төменде табуға болады.
1-ші сөз
БІРІНШІ ТҰЛҒА: БІРІНШІ СЕБЕП – БІРЕУ ҒАНА
- Бірінші Тұлға – одан басқа барлық тұлғалар болмысының Бірінші Себебі.
- Тек Біріншінің ғана ешқандай кемшілігі жоқ (Тек Бірінші ғана әртүрлі кемшіліктен ада).
- Сонымен қатар, Біріншіден басқа тұлғалардың бәрінде, ең болмағанда, бір немесе бірнеше кемшілік бар.
- Ал, Біріншіні алатын болсақ, Ол басқа тұлғалардың барлық кемшіліктерінен ада.
- Себебі Біріншінің болмысы – ең кемел (кәміл, жетілген) және басқа болмыстардың бәрінен де бұрын тұр (бәрінен де бұрын пайда болды).
- Ешқандай болмыс Біріншінің болмысынан кемел (кәміл, жетілген) бола алмайды.
- Ешқандай болмыс Біріншінің болмысынан бұрын да болмақ емес.
- Осылайша, Бірінші кәміл болмыстың ең жоғары деңгейіне және мінсіз болмыстың ең жоғары дәрежесіне ие.
- Бұл байламда, Біріншінің болмысы мен мәнінің (парқының, өзінің) ең жоғары, мінсіз әрі кемел (кәміл, жетілген) болғандықтан, Оның болмысын терістеу (басқаша айтқанда, Оның болмыссыздығы/бейболмысы туралы қандай да бір әңгіме қозғау) әсте мүмкін емес.
- Өйткені бейболмыс/болмыссыздық пен терістеулер/терістілік (полярлық, кереғарлықпен қатар) – аспан астындағы (ай астындағы) әлемге ғана тән.
- Ал бейболмыс дегеніміз – болуға тиісті нәрсенің жоқтығы (яғни, болмыс жоқтығы, болмыссыздық) деген сөз.
- Демек, Бірінші Тұлға – әлеуетті түрде ғана болмысы бар бір тұлға емес (яғни, Ол ешқандай жағдайда әлеуетті болмыстың иесі бола алмайды), өйткені Оның болмысы – шын және ақиқат.
- Бұл ретте, Біріншінің жоқ болуы да әсте мүмкін емес.
- Жоғарыда айтылғандардан міндетті түрде Біріншінің бастамасы жоқ (яғни, Ол – Әл-Қидам) деген қорытынды да шығады.
- Және де Бірінші, өз мәнінде (парқында) мен болмысында – мәңгілік!
- Сондай-ақ Бірінші, мәңгілік болу үшін, Оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін басқа ешнәрсеге мұқтаж емес.
- Яғни, Біріншінің мәні (парқы, өзі), Оның тұрақты және мәңгі болуы үшін жеткілікті.
- Ешқандай өзге болмыс – Біріншінің болмысы сияқты (яғни, Оның болмысымен тең түсерлік дәрежеде) әсте бола алмайды (болмақшы емес).
- Демек, Біріншінің болмыс дәрежесіне тең болатын (бола алатын) ешқандай өзге болмыс жоқ.
- Сол сияқты, Бірінші әлдеқандай (әрқандай) болмыстың дәрежесін әлдеқашан (бұрын, баяғыда) иелене алмаған бірде-бір болмыс жоқ.
- Мұның үстіне Бірінші – Өзінің болмысы үшін ешқандай себепті қажет етпейтін (ешқандай себеп бола алмайтын) бір тұлға.
- Яғни, Біріншінің болмысы үшін қандай да бір себеп жоқ (негіз де жоқ, өйткені Оның бар болуы – әлдеқандай бір себеп үшін емес).
- Бұл жайттың себебі – Біріншінің зат (материя) еместігі.
- Зат та, түп негіз (субстрат) де Біріншінің болмысын әсте қамтамасыз етпейді.
- Қайта, Біріншінің болмысы – әрі заттың, әрі түп негіздің де бәрінен ада.
- Сонымен қатар, Біріншінің пішіні де жоқ, өйткені пішін затта ғана болады.
- Егер Біріншінің пішіні болған болса, онда Оның мәні (парқы, өзі) зат пен пішіннен құралатын еді.
- Ал егер осылай болған болса, Бірінші екі бөліктен тұратын еді.
- Сонда аталмыш екі бөлік, Біріншінің болмысын қамтамасыз ететін еді.
- Мұның үстіне, сонда Біріншінің болмысында себеп болар еді.
- Бұл ретте, Бірінші Тұлғаның әрбір бөлігі, басқасымен қоса алғанда, Оның болмысының себебі болар еді.
- Ал біздің осыдан бұрын анықтағанымыз: Ол – Бірінші Себеп.
- Сондай-ақ, Біріншінің болмысында мақсат та, ниет те жоқ.
- Мұның үстіне, Біріншінің болмысы, қандай да бір мақсатқа немесе қандай да бір ниетке жетуді әсте қажет етпес, тіпті ете алмас еді.
- Өйтпесе, бұл жайт Біріншінің болмысына себеп болар еді де, Ол сонда Бірінші Себеп болмас еді.
- Сол сияқты, Бірінші өз болмысын, Одан бұрын пайда болған нәрселерден алған жоқ.
- Мұның үстіне, Бірінші өз болмысын, Одан төмен тұрған нәрселерден де алған емес.