ЕЛШІЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АБАЙ КҮНІНЕ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК АФРИКАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ҚҰТТЫҚТАУЫ

ЕЛШІЛІКТІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АБАЙ КҮНІНЕ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК АФРИКАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ҚҰТТЫҚТАУЫ

10 тамыз, биылдан бастап – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы № 495 Қаулысына сәйкес, еліміздің тарихи мұраны сақтау және қастерлеу  тұрғысынан маңызды мерекесі – Абай күні ретінде белгіленді.

 

Осы жылы Қазақстан, халықаралық қоғамдастықтың үлкен және кеңінен қолдауымен, атап айтқанда, түркі және мұсылман әлемінің қолғабысымен, сонымен бірге, UNESCO, ISESCO, TWESCO (Халықаралық Түркі академиясы) және өзге де халықаралық ұйымдарының жәрдемімен, жалпыұлттық және халықаралық деңгейлерде қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуде.

 

Ибраһим Құнанбайұлы (Абай), 1845-1904 – ұлы патриот, жерлестерінің дамуы мен гүлденуі үшін жан аямай күрескен қоғам қайраткері, реформатор мемлекет тұлғасы, ағартушы Исламның өкілі. Оңтүстік Африкада Абайды, әрі данышпан басшылығы және орасан зор мирасы, әрі өз халқына маңыздылығы тұрғысынан, ОАР Тұңғыш Президенті Холилала Нельсон Манделамен салыстыруда.

 

ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі «Алаш» қазақ патриоттық қозғалысының жетекшілері, Абайдан шабыт алып, оған рухани көсем ретінде қарады. Абай, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың: «Алла алдындағы пенделердің ең жақсысы – өз отының басына пайдасы тиетіндер» деген хадисін қайталауды жақсы көретін.

 

Ол, сонымен бірге, қазақтың ұлы ақыны, композиторы және философы болған. Абай, жұртымыздың ұлттық санасына берік еніп, еліміздің ең басты халық қаһармандарының бірісіне айналған болатын. Сөйтіп Ибраһим, Еуразия жүрегіндегі Ұлы Дала елімізде бұрын-соңды болмаған ерекше бедел мен танымалдыққа ие болды. Оның шығармашылығы және қоғамдық-саяси қызметі, Қазақстанның рухани мұрасына айналды және де сол мирас арқылы халқымыздың мәдениеті байыта түсті.

 

Абай Құнанбайұлы алдында қазақ поэзиясы, көшпелі халықтың салт-дәстүрлеріне сәйкес, ауызша әдебиетке жататын. Ұлы ұлтжандылық рухы бар өзінің кербез өлеңдері мен прозасында, Абай сол кездегі қазақтың өмір салты, адамгершілік, ақылақ, әдеп, ғибрат, заң мен құқық, ұлттық тәрбие сынды көптеген өткір тақырыптарын көтерген болатын. Ол ешқашан қазақ халқының жарқын тағдыры мен болашағына деген сенімін жоғалтпай, ылғи да өз жұртының мәдениетін көтермелеуге атсалысқан.

 

Бүгінгі күні Қазақстан және бүкіл әлем қауымдастығы, Абайдың туғанына 175 жылдығын атап өтуде.

 

Хакім Абай 1845 жылғы 10 тамызда Шығыс Қазақстан өңірінде, қазақтың ақсүйектері болған, діндар мұсылман отбасында дүниеге келді. Ибраһимнің әкесі - Құнанбай қажы, Қарқаралының аға сұлтаны ретінде қызмет көрсетіп, ал оның ата-бабалары Қазақстанның сол аймағының уәлилері (әкімшілік басшылары) және билері болатын.

 

АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚАДІРЛІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТАНДАСТАР!

 

Ал, Оңтүстік Африкада, үстіміздегі жылғы 9-10 тамызда – Ұлттық Әйелдер күні тойлануда.

 

Осы мейрам ОАР-да 1995 жылы ресми түрде енгізіліп, сол жылдан бастап ерекше түрде аталып келеді. Бұл күнде ОАР азаматтары, 1956 жылы барлық нәсілдегі 20,000 оңтүстік африкалық әйел, апартеид режімінен қорқпай, өз құқықтары және қара нәсілді отандастарының құқықтарын қорғау мақсатында, ел астанасы Цванеде (Преторияда) жаппай түрде шеруге шығуын еске алады.

 

Ұлттық Әйелдер күні – африкалық әйелдердің әлі күнге дейін тап болған кейбір сын-қатерлерге назар аударуда. Солардың ішінде – тұрмыстық зорлық-зомбылық, жұмыс орнындағы жыныстық қудалау, тең емес жалақы тағайындау, сондай-ақ қыздарға мектепке баруға әкелер тарапынан тыйым салу. Сөйтіп, бұл күн - осындай кемсітушілік дәстүрлерге және болымсыз қылықтарға қарсы күресу немесе наразылық білдірудің күні. Айта кетер жайт, осы мемлекеттік мерекеге байланысты, бұл бағытта ОАР-да көптеген маңызды жетістіктерге, жақсы өзгерістерге қол жеткізілген болатын.

 

ОАР-дың Ұлттық әйелдер күні, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні сияқты, көптеген жақсы қағидаларға негізделген және әйел адамның бостандықтар мен құқықтарын қорғауға арналған мереке.

 

Бұл мейрам – Оңтүстік Африкадағы ең асыл жандардың ең жарқын мерекесі.

 

Бұл күні әйелдерге зор құрметпен қарауды қанға сіңдіріп, оларға айрықша ізет көрсету, лайықты деңгейде құттықтау дәстүрі – жағымды әдетке айналды.

 

Шындығында да, әйел - отбасының ұйытқысы. Ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады.

 

Бұл орайда, «Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қазақтың аталы сөзін келтіргіміз келеді.

 

Сонымен бірге, хакім Абай әйел адам туралы мұндай нақыл сөздерді айтқан болатын:

 

«Әйел адам - гүлмен тең. Жақсы әйел - ері ұялар іс қылмайды».

 

Осы құттықтауды Елбасымыздың келесі қанатты сөздерімен аяқтағымыз келеді: «Әйел шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады».

 

ҰЛТТЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚҰРМЕТТІ ОҢТҮСТІКАФРИКАЛЫҚТАР!