2020 ЖЫЛҒЫ 12 ТАМЫЗДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ 17 ДЕПУТАТЫ САЙЛАНАДЫ

2020 ЖЫЛҒЫ 12 ТАМЫЗДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ 17 ДЕПУТАТЫ САЙЛАНАДЫ

НҰР-СҰЛТАН

 

12/06/2020

 

2020 ЖЫЛҒЫ 12 ТАМЫЗДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ 17 ДЕПУТАТЫ САЙЛАНАДЫ

 

2020 жылғы 12 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 17 депутатының  сайлауы өтеді. ҚР Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) Сенат депутаттарының сайлауына байланысты онлайн режімінде өткен отырысында ОСК төрағасы Берік Имашев төмендегіні хабарлады.


«Бүгін ҚР Президентінің Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулысы жарияланды. ҚР Конституциясына сәйкес, Сенат Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ҚР астанасынан 2 адам өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.

 

Оның атап өтуінше, осы жылдың қазан айында 2014 жылы сайланған Сенаттың 17 депутатының өкілеттік мерзімі аяқталады. Сенат депутаттарын жасырын дауыс беру арқылы мәслихат депутаттары сайлайды.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ САЙЛАУЫН 2020 ЖЫЛҒЫ 12 ТАМЫЗҒА ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ» 2020 ЖЫЛҒЫ 11 МАУСЫМДАҒЫ № 351 ЖАРЛЫҒЫ

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімінің 2020 жылғы қазан айында аяқталатынына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

 

  1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалсын.

 

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

 

  1. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті

 

Қ.Тоқаев

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 ж. 11 маусым

 

АНЫҚТАМА: Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасында барлығы 49 депутат бар. Олардың 34-сі - 14 облыстың, елорда Нұр-Сұлтанның және республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалаларының өкілдері (әр облыс немесе қаладан екі адамнан). Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл. Үш жылда бір рет 17 сенатор қайта сайланады. Сонымен қатар, кезекті сайлауы олардың өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.