
ЦВАНЕ ҚАЛАСЫ, 2021 ЖЫЛҒЫ 18 ТАМЫЗ. Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы (ОАР) Елшісі Қанат Тумыш, Маврикийдің Жоғарғы комиссары Пракармаджит Лучмунмен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Маврикий Республикасы арасындағы «Сотталған адамдарды беру туралы» атты келісімге 2022 жылы қол қою мақсатында, оның келістіру үдерісіне тиісті серпін беру болды. Қазақстандық тарап, онлайн-бейнеконференция арқылы осы тұрғыдағы барлық аспектілерді жылдамдатуды және жетілдіруді ұсынды. Маврикий тарапы, бұл бастамаға алдын ала келісімін білдірді және аталмыш онлайн іс-шараның қолайлы күндерін белгіленген тәртіппен ұсынады деп күтілуде.
Тараптар, сондай-ақ, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың болашағын (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік даму және туризм салаларында), сондай-ақ 2022 жылы Қазақстан Республикасының Маврикий Республикасындағы Құрметті консулдығын ашу мүмкіндіктерін талқылады.
Жүздесудің аяғында Қазақстан Елшісі Маврикийдің Жоғарғы Комиссарына өркениеттер арасындағы сұхбатты нығайтуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы мен медалді табыс етіп, оған атақты Түркі ортағасырлық ғалым мен философ Әл-Фарабидің кітабын сыйға тартты.