МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

НҰР-СҰЛТАН

 

2021 жылғы 7 мамыр

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ (Ақордада өткен жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі барысында)

 

Құрметті отандастар,

Қымбатты әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері,

 

Отан қорғаушы күні­ құтты болсын!

Жеңіс мейрамымен қатар, халқымыздың ерлік дәс­түрін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатыр.

Егемендіктің қадір-қа­сиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында. Осы асыл құн­дылықтарды Қарулы Күштері­міз қас қақпай күзетіп тұр. Тәуел­сіз­дік жылдарында Тұңғыш Прези­дентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің мықты қорғаныс жүйесін қалыптастырдық.

Әске­ріміздің бес қаруын сайладық. Сар­баз­дарымыздың жауынгерлік рухын көтеріп, кәсіби машығын шың­дадық. Бүгінде армиямыз – ел­ді­гіміздің берік қалқаны, Тәуел­сіз­дігіміздің мызғымас тұ­ғыры.

Соңғы уақытта жер жү­зінде түрлі қақтығыстар көбейіп кет­ті. Қазақ­станның бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет, бірақ ұлттық мүддеге нұқ­сан келтіретін кез келген әрекетке тойтарыс бере аламыз

Сарапшылар алпауыт мем­ле­кеттер арасындағы тартыс­тарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда бо­лып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйт­кілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқа­ны кеңге салмай, ұлттық қор­ғаныс ісінде темірдей тәртіп сақ­тауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс.

Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең-байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұра­пыл соғыста жеңіске жетті. Біз өткеннен тағылым аламыз. Отан үшін, ел мен жер үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етеміз.

Туған жердің шебін күзе­тіп, тұтастықты сақтау – әрбір аза­мат­тың қастерлі парызы. Еліміздің ты­ныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік.

Халқымыз береке-бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқа­сында алаңсыз ғұмыр кешуде. Шын мәнінде, осы бейбіт өмірдің өзінде батырлық пен ерлікке орын бар. Ерлік уақыт талғамайды, себе­бі бұл қасиет Отаншылдықтан бас­тау алады.

Бүкіл адамзатқа коронавирус дерті қатер төндіріп тұрған қазір­гі уа­қытта індетті тоқтатуға әске­ри қызметшілер мен күш­тік құры­лымдар бір кісідей жұ­мыл­ды. Соның арқасында ахуал айтарлық­тай тұрақтанды.

Армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің бас­ты кепілі болып саналады. Жа­һандық өзгерістер мен гео­стра­тегиялық тұрақсыздық жағ­дайында әлемде әскери қызмет­шілердің рөлі бірнеше есе арта түседі. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Ал ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері «Жусан» арнайы операциясын мінсіз орындады. Полиция мен прокуратураның қыз­меті кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін едәуір арттырып, қоғамдағы құқық­тық тәртіп пен әлеуметтік әділ­дікті нығайтуға септігін тигі­зеді. Еліміздің қорғаныс қабі­летін күшейту үшін мемлекет әс­кери дайындық пен Қарулы Күш­терді жабдықтауға баса мән береді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкер­лерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік тұр­ғыдан қорғалуы біртіндеп жақса­рып келеді. Әскери қызмет­шілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады.

Елі­мізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес. Бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалаймын.

Сіздердің отаншылдық рух­тарыңыз, ең алдымен, жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздер­ге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемле­кеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін.

Барлық әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс айтамын!

 

#Kazakhstan30 #Qazaqstan30 #KZIndependence30