GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Байланыс ақпарат
Все материалы
15 октября 2026
Қазақстанның Елшісі ЕҚЫҰ-ның Прагадағы Құжаттама орталығына барды

Прага, 2026 жылғы 15 қазан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Прагадағы Құжаттама орталығына барып, Орталықтың басшысы Халка Кайсеровамен кездесті.

Құжаттама орталығы ЕҚЫҰ мен оның алдындағы ұйымы - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫК) тарихи мұрағаттардың бас қоймасы болып табылады. Орталық 1970-жылдардан бастап жинақталған құжаттарды сақтауға, жүйелеуге және оларға қол жетімділікті қамтамасыз етеді. Оның мұрағаты халықаралық конференциялар материалдарын, саяси құжаттарды және ЕҚЫҰ-ның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін бейнелейтін өзге де деректерді  қамтиды. Сонымен қатар Чехия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Орталық ЕҚЫҰ-ның Прага қаласында өтетін іс-шараларын ұйымдастыруға жағдай жасайды. Атап айтқанда, жақында Ұйымның жыл сайынғы экономикалық және экологиялық форумы сәтті өткізілді.

Сапар барысында Елші Орталықтың қызметімен танысып, қауіпсіздік саласындағы әлемдегі ең ірі өңірлік ұйымның құжаттық мұрасын сақтауға, жүйелеуге және оған қол жетімділікті қамтамасыз етуге қосып отырған практикалық үлесін жоғары бағалады. Орталықтың жұмысы ЕҚЫҰ-ның институционалдық жадын сақтауда, көпжақты дипломатия тарихын зерделеуде және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда ерекше маңызға ие. Оның мұрағат мұрасын тарихи әрі ғылыми-зерттеу тұрғысынан айтарлықтай құндылыққа ие және еуропалық әрі еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының қалыптасуы мен даму үдерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Тараптар ЕҚЫҰ-ның мұрағаттық мұрасын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, оның Ұйымның тарихи тәжірибесін зерделеуге, өзара түсіністікті нығайтуға және қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері бойынша диалогты одан әрі дамытуға негіз болатынын айтты. Орталықта түрлі елдердің зерттеушілері үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны оң бағалануда. Сондай-ақ Орталықтың ЕҚЫҰ Хатшылығы мен автономды институттарының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бейресми консультациялар өткізу үшін елеулі әлеуеті бар екені айтылды.

Тарихи құжаттарға қол жетімділік дипломатиялық тәжірибенің сабақтастығын сақтауға және жинақталған білімді келесі ұрпаққа жеткізуге ықпал ететініне назар аударылды. Осыған байланысты аталған құрылымның қызметін тиісті деңгейде қаржыландыру қажеттігі атап өтілді.

Зерттеушілер үшін 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде қалыптасқан құжаттық мұра ерекше қызығушылық тудырады. Бұл кезең Ұйым тарихындағы маңызды оқиғамен – осы ғасырда әзірге жалғыз рет өткізілген ЕҚЫҰ Саммитымен және оған қатысушы мемлекеттер мен үкіметтер басшылары қабылдаған Астана декларациясымен ерекшеленді.

Жылы әрі мазмұнды кездесу барысында көпжақты дипломатияны дамыту, сенімді нығайту, халықаралық диалогты ілгерілету және осы үдерістегі ЕҚЫҰ-ның рөлі мәселелері бойынша да пікір алмасу болды. Қазақстан Елшісі Құжаттама орталығының ұжымына оның игі қызметінде әрі қарай табыстар тіледі.

 

14 октября 2026
Қазақстан мен Чехия сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті

Прага – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чех Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, Экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Ян Сехтермен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің 2026 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасына жасаған ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен берілген тапсырмалардың орындалу барысын, сондай-ақ сауда-экономикалық және өнеркәсіптік салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

2027 жылы өтетін Экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының 13-отырысына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар отырыстың күн тәртібін мазмұнды тұрғыдан пысықтаудың және өзара мүддеге сай ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындаудың маңыздылығын атап өтті.

Брно қаласында өткен 67-ші Халықаралық машина жасау көрмесіне қазақстандық делегацияның қатысуы да жеке талқыланды. Тараптар «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің делегациясы аталған көрмеге қатысуының нәтижелеріне оң баға берді. Көрменің іскерлік байланыстарды кеңейтуге, екі елдің кәсіпорындары арасындағы әріптестікті нығайтуға және өнеркәсіп пен сабақтас салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң ретіндегі рөлі атап өтілді.

Кездесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі сауда, энергетика және энергия ресурстарын жеткізу, цифрлық экономика (Digital Economy), көлік және логистика, сондай-ақ маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту үшін елеулі әлеуетке ие осы бағыттардағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.

Сұхбаттастар Чех Республикасының Көлік министрі Иван Беднарик пен Ауыл шаруашылығы министрі Мартин Шебестья́нның Қазақстанға алдағы сапарлары екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беретінін, тиісті салалардағы диалогты жандандыруға және практикалық өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға ықпал ететінін атап өтті.

Жылы әрі достық жағдайда өткен кездесу Қазақстан мен Чехияның әріптестікті жүйелі түрде нығайтуға, іскерлік байланыстарды дамытуға және басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.

12 октября 2026
Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайту: «VietJet» Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша әуе қатынасын ашты

Прага, 2026 жылғы 10 қазан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қызметкерлері Прага қаласындағы Вацлав Гавел атындағы халықаралық әуежайда өткен Вьетнамның «VietJet Air» әуе компаниясының Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша алғашқы рейсінің ашылу салтанатына қатысты.

«VietJet Air» әуе компаниясының алғашқы рейсі Чехия астанасына бортында шамамен 200 Қазақстан азаматы бар жолаушылармен келіп қонды. Жаңа әуе қатынасының іске қосылуы Қазақстан үшін айрықша практикалық маңызға ие. Бұл азаматтардың сапарға шығуына қосымша мүмкіндіктер ашып, халықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның Еуропа елдерімен қарым-қатынасын кеңейтуге ықпал етеді.

Жаңа бағыттың ашылуы Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия және Еуропа арасындағы халықаралық әуе қатынасын дамытудағы маңызды оқиға болды. Ханой, Алматы және Прага қалаларын байланыстыратын бұл әуе бағыты Вьетнам, Қазақстан және Чех Республикасы арасындағы туристік, іскерлік және мәдени алмасуларды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Прага халықаралық әуежайының директорлар кеңесінің төрағасы Радомир Лашак Ханойға тұрақты рейстердің ашылуы Прага әуежайының халықаралық ұзақ қашықтыққа қатынайтын әуе тасымалдары желісін дамытудағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. Ол «VietJet» әуе компаниясының Еуропадағы қызмет аясын кеңейту үшін Праганы жаңа бағыт ретінде таңдағанына қуанышты екенін білдіріп, жаңа бағыттар алғашқы жылы екі бағытта 67 000-нан астам жолаушыға қызмет көрсетеді деген болжамын жеткізді.

Әуе компаниясы мен Вацлав Гавел атындағы әуежайдың ақпаратына сәйкес, жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері, сыйымдылығы 377 жолаушыға дейін жететін заманауи кең фюзеляжды «Airbus A330-300» әуе кемелерімен орындалады. Сондай-ақ Прага – Алматы бағытының жекелеген учаскесіне билет сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл Қазақстан мен Чехия арасындағы жолаушылар тасымалын дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Жаңа рейстің ашылуы туристік алмасуды дамыту үшін ғана емес, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, іскерлік қарым-қатынастарды кеңейту және Қазақстанның еуропалық серіктестер үшін көлік тұрғысынан қолжетімділігін арттыру үшін де маңызды. Қосымша әуе қатынасы кәсіпкерлерге, туристерге, студенттерге, сондай-ақ туыстары мен достарына баруды жоспарлаған азаматтарға қолайлы бағыттар ұсынуға мүмкіндік береді.

Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан да ерекше өзекті. Алматы мен Прага арасында әуе қатынасының орнауы өңіраралық байланыстарды дамытуға, іскерлік қарым-қатынастарды кеңейтуге және туризм, сауда мен инвестициялар салаларындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қосымша жағдай жасайды.

Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша әуе қатынасының ашылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланысын кеңейту және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

 

09 октября 2026
Қазақстан мен Чехия: машина жасау саласындағы өнеркәсіптік әріптестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері

Прага, 2026 жылғы 6 қазан - «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің (бұдан әрі - Одақ) делегациясы Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің өкілдерімен бірге 2026 жылғы 6-9 қазан аралығында Брно қаласында өтіп жатқан 67-ші Халықаралық машина жасау көрмесіне (MSV) қатысты.

Қазақстандық делегацияның көрмеге қатысуы Чехияның және басқа да елдердің жетекші кәсіпорындары ұсынған заманауи технологиялармен және өнеркәсіптік шешімдермен танысуға, сондай-ақ машина жасау, өнеркәсіптік кооперация және технологиялар трансфері салаларындағы қазақ-чех ынтымақтастығын кеңейтудің перспективаларын зерделеуге мүмкіндік берді.

MSV - Чехиядағы ең ірі өнеркәсіптік көрме және Орталық Еуропадағы машина жасау саласындағы аса маңызды халықаралық алаңдардың бірі. Көрме дәстүрлі түрде станок жасаудан, металл өңдеу мен өнеркәсіптік автоматтандырудан бастап робот техникасына, өндірісті цифрландыруға және басқа да озық технологияларға дейінгі өнеркәсіп салаларының кең ауқымын қамтиды.

2026 жылы көрмеге әлемнің 39 елінен 1 379 компания қатысуда. Бұл оның іскерлік байланыстар орнатуға, инновациялық шешімдерді таныстыруға және жаңа өндірістік әріптестіктер қалыптастыруға арналған маңызды халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін растайды. Қырғызстан мен Өзбекстанды қоса алғанда, Орталық Азияның басқа да елдері өкілдерінің белсенді қатысуы атап өтуге тұрарлық.

67-ші MSV көрмесінің ресми ашылу рәсіміне Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш, Чех Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Милош Выстрчил, Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Өнеркәсіп және сауда министрі Карел Гавличек, сондай-ақ чехиялық бизнес-қоғамдастық пен өңірлік билік органдарының өкілдері қатысты.

Өз сөздерінде Чехия басшылығы өнеркәсіптің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын және оның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі нығайтудың қажеттігін атап өтті. Премьер-министр Андрей Бабиш машина жасау саласы чех экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін, сонымен бірге роботтандыру, автоматтандыру, жасанды интеллект және цифрлық технологиялардың ықпалымен терең технологиялық өзгерістерді бастан өткеріп жатқанын айтты.

Сенат Төрағасы Милош Выстрчил Чехия өнеркәсібінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтап қалу үшін мемлекет, бизнес және басқа да мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігері қажет екенін атап көрсетті. Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Өнеркәсіп және сауда министрі Карел Гавличек экономикадағы оң үрдістерге және чех өнеркәсібін одан әрі дамыту перспективаларына назар аударды.

Көрмеге бару барысында Одақ пен Қазақстан Республикасының Елшілігі өкілдері жетекші чехиялық және шетелдік компаниялардың экспозицияларымен танысты. Олардың қатарында өнеркәсіптік автоматтандыру, робот техникасы, өндірісті цифрландыру, станок жасау және заманауи өндірістік технологиялар саласындағы шешімдер ұсынылды. Одақ делегациясы Қазақстанның машина жасау кәсіпорындарында қолдануға болатын технологиялар мен шешімдерге ерекше назар аударды.

Қазақстанда өнеркәсіпті жаңғырту, өңдеу секторын дамыту және қосылған құны жоғары өнімнің үлесін арттыру жөніндегі ауқымды міндеттерді іске асыру тұрғысынан Чехияның тәжірибесі мен технологияларын пайдалану айтарлықтай қызығушылық тудырады. Одақ чехиялық компанияларды қазақстандық машина жасаушылар үшін технологиялық жаңғырту және өндірісті жергіліктендіру бағыттарындағы әлеуетті әріптестер ретінде қарастырады.

Қазақстан мен Чехия арасында орнықты сауда-экономикалық байланыстар қалыптасқан, ал өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар. Машина жасау саласындағы ынтымақтастық бірлескен өндірістер құру, технологияларды жергіліктендіру, өндірістік кооперация тізбектерін дамыту, инженерлік құзыреттер алмасу және инвестициялар тарту арқылы екіжақты әріптестіктің перспективалы бағыттарының біріне айнала алады.

Қазақстанның Брно қаласындағы Халықаралық машина жасау көрмесіне қатысуы екі елдің іскер топтары өкілдері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, өнеркәсіптік кооперацияның нақты жобаларын іздестіруге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Өз кезегінде, Одақ делегация сапарының қорытындылары туралы өзіне мүше кәсіпорындарды хабардар етеді, олардың чехиялық өндірушілермен байланыс орнатуына жәрдемдеседі және қазақстандық машина жасаушылармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға мүдделі чехиялық компаниялармен диалог жүргізуге дайын.

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі қазақстандық және чехиялық кәсіпорындар арасындағы байланыстарды дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіп пен машина жасау салаларындағы өзара тиімді жобаларды ілгерілетуге бұдан әрі де жәрдем көрсететін болады.

30 сентября 2026
Прагалық хайуанаттар бағы өзінің мерейтойын және «Жабайы жылқыларды қайта жерсіндіру» жобасының 15 жылдығын атап өтті

Прага, 2026 жылғы 28 қыркүйек - Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Прага хайуанаттар бағының құрылғанына 95 жыл толуына және Қазақстан мен Моңғолия далаларында жүзеге асырылып жатқан «Жабайы жылқыларды қайта жерсіндіру» халықаралық жобасының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Ұйымдастырушылар бұл атаулы күндерді Чехияның Ұлттық мемлекеттілік күніне орай атап өтуді ұйғарды. Іс-шара хайуанаттар бағының аумағында көптеген келушілердің, Чехия жұртшылығы мен дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті.

Пржевальский жылқысын оның тарихи мекендеу ортасына қайта жерсіндіру барысына арналған презентация барысында сөз сөйлеген Прага хайуанаттар бағының басшылығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Абдрахманов пен Моңғолияның Елшісі Болормаа Батсайхан өз елдерінде экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Бұл ретте табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану жекелеген мемлекеттердің ғана емес, халықаралық қоғамдастықтың да ортақ міндеті екені атап өтілді.

Қазақстанда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватында жоба аясында Пржевальский жылқысының табиғи мекендеу ортасындағы популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, онда алғашқы төлдері де дүниеге келді. Чехияның жетекшілігімен көптеген елдердің мамандарының бірлескен күш-жігері ғалымдар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, әскери-әуе күштері және көлік ұйымдары арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылдың практикалық маңызын көрсетіп, оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан тарапы Прага хайуанаттар бағының директоры Ленка Поляковаға және Пржевальский жылқысын Ұлы дала еліне қайта жерсіндіру жөніндегі жалғасып жатқан жобаға қатысушылардың барлығына қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан практикалық үлесі үшін алғыс білдірді.

25 сентября 2026
Қазақстан мен Чехия көші-қон саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

24 қыркүйекте Елшілік өкілдері Чех Республикасы Ішкі істер министрлігінің көші-қон саясаты және сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Томаш Урубeкпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Чехия арасындағы көші-қон саясаты саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасып, сондай-ақ, Чех Республикасының аумағында жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Ерекше назар қолданыстағы реадмиссия туралы келісім шеңберінде Чехия аумағында заңсыз жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті түрде қайтарылуы мәселелеріне аударылды.

Т. Урубек қазақстандық тараппен өзара іс-қимылдың оң динамикасы мен сындарлы сипатын атап өтіп, осы саладағы қалыптасқан ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ортақ мүддені білдіретін мәселелерді жедел қарау және тиімді диалогты қамтамасыз етудегі Елшіліктің ерекше рөлін де атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР азаматтарының Шенген аймағы елдеріне виза рәсімдеу кезінде визалық рәсімдерді одан әрі жеңілдету мәселесі талқыланып, осы бағыттағы өзара іс-қимылды, оның ішінде Еуропалық одақ бағыты бойынша жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша тұрақты байланыстар мен ақпарат алмасуды қолдауға дайын екендіктерін растады.

 

 

12 сентября 2026
Қазақстан делегациясы Прагада өткен ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта форумының 32-ші отырысына қатысты.

Прага, 2026 жылғы 10-11 қыркүйек. Швейцария төрағалығымен  «Озық технологиялар мен ғылымға негізделген дипломатия арқылы ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) 32-ші Экономикалық және қоршаған орта форумының (ЭЭФ) қорытынды отырысы өтті. Форумға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, академиялық ортаның және жеке сектордың өкілдері экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін талқылау үшін бас қосты.

Форум жұмысына Чехия Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахманов бастаған өкілдері мен Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің өкілдерінен құралған қазақстандық делегация белсенді қатысты. Пленарлық отырыстар мен тақырыптық пікірталастар барысында қатысушылар стратегиялық болжау технологияларын мемлекеттік басқаруға интеграциялау, ғылыми дипломатияны дамыту, алдын ала ескерту тетіктерін жетілдіру, виртуалды активтерді басқару, энергетикалық тұрақтылық және ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту үшін жасанды интеллект пен басқа да инновациялық шешімдерді пайдалану мәселелерін талқылады.

Қазақстан делегациясы өз ұлттық мәлімдемесінде экономикалық және экологиялық өлшемдегі ЕҚЫҰ міндеттемелеріне бейімділігін растап, озық технологиялар тек тәуекелдерді азайту құралы ғана емес, сонымен қоса өңірдегі сенімділік пен тұрақтылықты қалыптастырудың қажетті құралы екенін атап өтті. Қазақстан өкілі іс-шараға қатысушыларды елдің цифрлық дамуға стратегиялық бағыты, соның ішінде 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы, сондай-ақ бұл инновациялық тәсілдің 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституциясында бекітілгені туралы хабардар етті.

Баяндамада су мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан өкілі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдауға шақырып, су тапшылығы жаһандық қауіпсіздікке ең өзекті қауіптердің бірі екеніне назар аударды.

Технологиялық ынтымақтастық тұрғысынан Қазақстан делегациясы көлік өзара байланыстықты дамыту қажеттілігін және оның өткізу қабілетін айтарлықтай арттыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда Ақтау және Құрық порттары үшін цифрлық платформалар құру бойынша ЕҚЫҰ жобаларын одан әрі жүзеге асыруға қызығушылық білдірілді.

Орталық Азиядағы энергетикалық көші-қон, инвестиция және тұрақты инфрақұрылым мәселелері жөніндегі сарапшы және ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы энергетика саласындағы әйелдер желісінің мүшесі Әлия Сәлімжуарова «Технологиялық іс-әрекетте – жергілікті қатысушылардың әлеуетін нығайту және жергілікті мүмкіндіктерді кеңейту» атты бөлек панельдік сессияда, сондай-ақ Орталық Азиядағы маңызды минералды ресурстар саласындағы жаңа үрдістерге арналған форум аясындағы қосымша іс-шарада сөз сөйледі. Өз баяндамаларында ол зерттеуінің негізгі нәтижелері, соның ішінде өңірлік энергетика, экономика және экология қауіпсіздігі үшін маңызды минералдардың рөлі туралы өз пікірімен  бөлісті.

Форум қауіпсіздікке кешенді тәсілді одан әрі нығайту және болашақтағы қиындықтарды шешу үшін озық технологиялар мен ғылыми дипломатияны белсенді пайдалану туралы үндеумен аяқталды.

09 сентября 2026
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Шартқа мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ (2026 жылғы 8 қыркүйек)

Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі - ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,

адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,

ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,

төмендегіні мәлімдейміз:                                                                                 

  1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді.                                        
  2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
  3. Жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін шұғыл және бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тұрғысында ЯҚТШ-ның 6-бабына сәйкес ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына, сондай-ақ ядролық арсеналдарды жаңғыртуға бағытталған алаңдатарлық үрдіспен ұштасқан қару-жарақты бақылау саласындағы негізгі келісімдердің қолданылуының тоқтатылуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Бұл ретте ядролық қаруға ие мемлекеттердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жүргізудегі ерекше жауапкершілігін атап өтеміз және ядролық қару-жарақ жарысының алдын алу мақсатында тексеруге болатын қару-жарақты бақылаудың жаңа тетіктерін шұғыл әзірлеуге шақырамыз.
  4. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ЯҚТШ ережелерін іске асыру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Агенттікке мүше мемлекеттердегі ядролық бағдарламаларға кепілдіктер мен бақылауды қолдану жөніндегі қызметін міндетті түрде қолдайтынымызды мәлімдейміз.
  5. 2026 жылғы 24 қыркүйекте қол қою үшін ашылғанына тура отыз жыл толатын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне ену қажеттігін нық қолдаймыз. Осыған байланысты ядролық сынақтар өткізуге қарсы халықаралық норманы сақтау және одан әрі нығайту қажеттігін атап өтеміз және осы норманы бұзуы мүмкін кез келген әрекеттерден қалыс қалуға шақырамыз.

Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.

Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.

  1. 2014 жылғы 6 мамырда ядролық қаруға ие мемлекеттердің ОАЯҚАА туралы шартқа Теріс қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі хаттамаға қол қоюын және оның төрт ядролық держава тарапынан ратификациялануын құптаймыз және Америка Құрама Штаттарының Хаттаманы ратификациялау процесін мүмкіндігінше тезірек аяқтайтынына үміт білдіреміз.
  2. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіру мақсатында ОАЯҚАА туралы шартты институционалдық дамытуға және ядролық қарудан азат қазіргі аймақтармен әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіреміз. Осы тұрғыда Африканың атом энергиясы жөніндегі комиссиясымен (АФКОНЕ) және Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттікпен (ОПАНАЛ) Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуын, сондай-ақ 2024 жылғы 28–29 тамызда Астанада Қазақстанның төрағалығымен ядролық қарудан азат барлық қазіргі аймақтар өкілдерінің екінші кездесуінің өткізілуін оң бағалаймыз.
  3. Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықтың негізгі факторы ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың жоғары маңыздылығын атап өтеміз, сондай-ақ ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бұдан әрі де тығыз өзара іс-қимыл жасау ниетімізді растаймыз.
  4. Қазіргі уақытта ядролық қарудан азат аймақтар жоқ өңірлерде, соның ішінде Таяу Шығыста осындай жаңа аймақтарды құру жөніндегі күш-жігерді қолдаймыз.
  5. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт» қарарының қабылдануын, сондай-ақ 2024 жылғы 5 желтоқсанда Түрікменстанның төрағалығымен Ашғабат қаласында Шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қарудан азат басқа да қазіргі аймақтардың және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық кеңестің өткізілуін құптаймыз.
04 сентября 2026
Прагада Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайтару жобасының кезекті кезеңінің аяқталуы атап өтілді

Прага, 2026 жылғы 2 қыркүйек - Прагада Қазақстанға Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жөніндегі халықаралық жобаның кезекті кезеңінің аяқталуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараны аша отырып, Прага хайуанаттар бағының директоры Ленка Полякова 2026 жылғы жұмыстың қорытындыларын шығарып, жануарлардың кезекті тобын табиғи мекендеу ортасына қайтару алдындағы бейімделу кезеңінен өтіп жатқан «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына сәтті жеткізу нәтижелерін атап өтті.

«Жабайы жылқыларды қайтару» бастамасын тұрақты түрде қолдап келе жатқан жобаның көпжылдық серіктестеріне, оның ішінде «Алтын Дала» ұйымының жоғары білікті мамандарына, Tierpark Berlin хайуанаттар бағына, тиісті министрліктер мен ведомстволарға, үкіметтік емес ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға, Чех Республикасы Әскери-әуе күштерінің ұшқыштарына, сондай-ақ Чехиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігіне шынайы алғыс білдірілді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Чехиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Әбдірахманов осындай беделді халықаралық ұжымның игі қызметі халықаралық ынтымақтастықтың табиғи әртүрлілікті сақтау жолындағы күш-жігерді біріктіруге және Қазақстан мен Чехия арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінінің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Бағдарлама аясында бастаманы іске асыруға қосқан үлесі үшін жоба қатысушыларына алғыс белгісі ретінде сертификаттар табысталды. Сондай-ақ қонақтарға Қазақстандағы миссияның жүзеге асырылу барысына арналған фотосуреттер мен бейнематериалдар ұсынылды.

Қазақстанға Пржевальский жылқыларын қайтару жобасы табиғатты қорғау және жойылып бара жатқан түрлерді қалпына келтіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың ең табысты үлгілерінің бірі болып саналады. Жануарларды алғаш рет 2024 жылы жеткізу және бағдарламаның 2025 жылы жалғасуынан кейін биылғы кезең бастаманы іске асырудың кезекті циклінің маңызды қорытындысына айналды.

Жобаның маңызды жетістіктерінің бірі ретінде Қазақстанда Пржевальский жылқысының екі құлынының дүниеге келуі аталып өтті. Бұл жануарлардың сәтті бейімделгенін растап қана қоймай, Қазақстанның ұлан-ғайыр далаларында осы аса сирек кездесетін түрдің популяциясын қалпына келтірудің жаңа кезеңіне жол ашты.

 

 

 

31 августа 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

 

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

 

Социальные сети
Facebook
Instagram
youtube
Twitter
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары