
Прага, 2025 жылғы 5 наурыз – Чех Республикасының жетекші жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі CEVRO университетінде Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бақыт Дүйсенбаевтың «Қазақстан, ЕО және Орталық Азия геосаясаты» тақырыбында ашық дәрісі өтті. Іс-шараға Чехияның депутаттық корпусының өкілдері, академиялық және сарапшылық қауым, дипломаттар мен чех университеттерінің студенттері қатысты.
Өз сөзінде Елші Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестігі, экономикалық ынтымақтастық және Орталық Азиядағы геосаяси үдерістердің қазіргі дамуы туралы егжей-тегжейлі тоқталды.
Атап айтқанда, Б.Дүйсенбаев ғаламдық тұрақсыздық жағдайында диалог пен ынтымақтастықты сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу және өңірлік қауіпсіздікті нығайту қағидаттарына адалдығын атап өтті.
Дипломат Қазақстанның ЕО үшін энергетика, сауда және көлік салаларындағы негізгі әріптес ретіндегі рөлін ерекше атап өтіп, екіжақты өзара іс-қимылдың болашағы зор бағыттары, соның ішінде маңызды шикізат, энергия тасымалдау, цифрлық экономика және көлік байланысын дамыту мәселелері жөнінде баяндады.
Сонымен қатар, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (EPCA) маңыздылығына ерекше назар аударылды. Аталған келісім өзара іс-қимылдың 29 бағытын қамтып, екіжақты қатынастарды әрі қарай тереңдетудің берік негізін қалыптастырады.
Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік және логистикалық хаб ретіндегі негізгі рөлін ескере отырып, «Орта дәліз» көлік бағытын дамыту, соның ішінде ЕО-ның Global Gateway бастамасы аясындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне тоқтала келе, Елші шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында мемлекет жүзеге асырып жатқан шаралар туралы, соның ішінде «Born Bold» бастамасы шеңберіндегі жұмыстар жайлы айтты.
Сондай-ақ, қатысушылар Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістердің өзекті динамикасымен, экономикалық кооперацияны тереңдету, өзара сауданы дамыту және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі бастамалармен танысты.
Дәріс соңында Б.Дүйсенбаев қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Қазақстан мен Орталық Азияның ЕО-мен ынтымақтастығын одан әрі дамыту, визалық режимді ырықтандыру, көлік бағыттарын әртараптандыру және іскерлік байланыстарды жеңілдету мәселелері ерекше қызығушылық тудырды.
Іс-шара Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары, Орталық Азия мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы хабардарлықты арттыруға, сондай-ақ Чехияның академиялық және сарапшылық қауымымен екіжақты байланыстарды нығайтуға ықпал етті.