Прага, 2025 жылғы 27 ақпан – Чехия астанасында ардагерлер арасында шахматтан командалық әлем чемпионаты (FIDE World Senior Team Chess Championship 2025) аяқталды. Қазақстан құрамасы 50+ санатында қола медаль жеңіп алды.
Жалпы, турнирге 28 елден 108 команда қатысты, олардың қатарында 49 гроссмейстер мен 57 халықаралық шебер болды.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев ұлттық құраманы қолдап, марапаттау рәсіміне қатысты.
Қазақстан командасының намысын гроссмейстерлер Мұртас Қажғалиев, Павел Коцур және Серікбай Темірбаев, халықаралық шеберлер Ерлан Тікжанов пен Валерий Мин қорғады. Құраманың капитаны – гроссмейстер Петр Костенко. Финалдық турда қазақстандық шахматшылар Англия-1 құрамасымен тең ойнап, үшінші орынды иеленді.
Чемпионатта Қазақстанның үш командасы: екі команда 50+ санатында және бір команда 65+ санатында өнер көрсетті. Бұл жарыс қазақстандық ардагерлер үшін алғашқы халықаралық тәжірибе болды. 50+ санатындағы Қазақстанның әйелдер құрамасы төртінші орынға ие болды.
Бұл жетістік қазақстандық шахмат мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, отандық спортшылар үшін халықаралық аренада жаңа мүмкіндіктер ашты.