Прага, 2025 жылғы 21 қаңтар – Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінде Елші Бақыт Дүйсенбаевтың Шығыс Еуропадағы әзербайжандықтардың Үйлестіру Кеңесінің Чехия бойынша үйлестірушісі Фарид Амиралиевпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Ф.Амиралиев Елшіні Үйлестіру Кеңес пен Прагадағы Әзербайжан үйінің қызметімен таныстырып, Чехияда әзербайжан мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шаралар туралы баяндады.
Өзара қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Ф.Амиралиев өткен жылдың 25 желтоқсанында Ақтау қаласының маңында болған қайғылы әуе апатынан кейін көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін Қазақстан халқына шынайы алғысын білдірді.
Өз кезегінде, Елші Б.Дүйсенбаев Қазақстан мен Әзербайжанның қиын сәттерде әрқашан бір-бірін қолдап келген бауырлас халықтар екенін атап өтті. «Біз бір-бірімізге қолдау көрсете отырып, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісеміз», – деді Қазақстан Елшісі.
Тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға, оның ішінде Чехияда бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға келісті.