Прагада Қазақстан мен Чехияның парламентаралық достық топтарының өзара іс қимылын күшейту талқыланды

Прагада Қазақстан мен Чехияның парламентаралық достық топтарының өзара іс қимылын күшейту талқыланды

Прага, 2025 жылғы 16 қаңтар – Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чехия Республикасы Парламентінің Депутаттар палатасындағы Чехия-Қазақстан парламентаралық достық тобының төрағасы Радек Вондрачекпен кездесті.

Әңгімелесу барысында тараптар 2024 жылдың қорытындылары мен 2025 жылға арналған ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, Б.Дүйсенбаев сұхбаттасын ҚР Президенті Қ.Тоқаев бастаған экономикалық, саяси және әлеуметтік салалардағы реформалардың барысымен таныстырды. Қазақстандық дипломат сондай-ақ әңгімелесушіні мемлекетіміздің өзекті сыртқы саяси бастамалары туралы хабардар етті. Осы тұрғыда Чехия Парламентінің депутаты Қазақстанның Орталық Азия өңірінде және одан тыс жерлерде тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Тараптар парламентаралық байланыстарды дамыту Қазақстан мен Чехия, сондай-ақ олардың халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады деген пікірге келді. Осыған байланысты тараптар екі елдің парламенттеріндегі достық топтарының өзара іс-қимылын күшейтуге дайын екендерін білдірді.

Мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін талқылай отырып, тараптар қазақстандық шығармашылық ұжымдардың Чехиядағы халықаралық фольклорлық фестивальдерге қатысуын пысықтауға келісті. Сондай-ақ, Прагадан тыс жерлерде мәдени іс-шараларды өткізу перспективалары қарастырылды, бұл Чехия тұрғындарына қазақ дәстүрлері мен өнерінің байлығын жақындатуға мүмкіндік береді.

Әңгіме аясында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де қозғалды. Тараптар осы саладағы елеулі әлеуетті растады және оны іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.