
Прага, 2025 жылғы 9 қаңтар – Чехия астанасы Прага қаласындағы заманауи «Брумловка» іскерлік орталығында бейнелеу өнерінің қайырымдылық көрмесі ашылды. Аталмыш шара Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Көрмеде түрлі елдерден келген суретшілердің туындылары қойылып, олардың қатарында қазақстандық суретші Ботагөз Асылханованың этностильде салынған картиналары да ұсынылды.
Іс-шара барысында Елшілік тарапынан ұлттық бұрыш ұйымдастырылып, онда дәстүрлі қазақ киіз үйінің ішкі жабдықтары көрсетілді. Келушілер қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысына қанығып, қолөнер бұйымдарын, ою-өрнектерді тамашалап, ұлттық тағамдардың дәмін татты.
Көрме 2 ақпанға дейін жалғасады, бұл әрбір келушіге заманауи суретшілердің шығармашылығымен жақынырақ танысып, ұнаған туындыларды сатып алуға мүмкіндік береді.