
Прага, 2025 жылғы 8 қаңтар – Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің бастамасымен және Чех Ұлттық кино мұрағатының қолдауымен Праганың тарихи орталығында орналасқан «Ponrepo» кинотеатрында «Көріскенше, қош бол, Медеу!» көркем фильмі көрсетілді.
1982 жылы көрнекті чех режиссері Зденек Подскальскийдің жетекшілігімен түсірілген бұл фильм – «Қазақфильм» мен «Barrandov» киностудияларының бірлескен жобасы аясында жарық көрген музыкалық комедия. Жеңіл әзіл мен жарқын музыкалық әуендерге толы бұл туынды Қазақстанның бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін паш етеді.
Фильмде басты рөлдерді Роза Рымбаева, Олдржих Кайсер, Иржи Лабус, Досхан Жолжақсынов, Ерік Жолжақсынов, Гелена Вондрачкова және басқа да танымал актерлер сомдады.
Бұл фильм Қазақстан мен Чехия арасындағы кино өнері саласындағы жемісті ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып табылады. Ол көрермендерге шынайы эмоциялар мен жылы естеліктер сыйлап, елдеріміз арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығын көрсетті.