
Прага, 2024 жылғы 23 желтоқсан – Маңғыстау облысы әкімдігінің «Жастар тағылымдамасы» әлеуметтік жобасы аясында өңірдің жас көшбасшылары тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында Прага қаласына болды.
Сапар барысында жастар делегациясы Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінде болып, дипломаттармен кездесті. Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары мен дипломатиялық қызметтің ерекшеліктері туралы толық ақпарат берілді. Сондай-ақ, жастар Елшіліктің қызметімен және оның халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы үлесімен танысты.
«Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наурызбек Мағдатов жобаның мақсаты мен міндеттері туралы айтып өтті. Оның айтуынша, «Жастар тағылымдамасы» жобасы 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Жоба жергілікті жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған. Бұған дейін бағдарламаның қатысушылары Грузияда, Қырғыз Республикасында, Түркияда, Әзербайжанда және Ресей Федерациясында тағылымдамадан өтіп, білім беру, мәдениет, IT, қоғамдық қызмет, креативті индустрия және кәсіпкерлік салаларындағы үздік тәжірибелермен танысты.
Прагаға сапар барысында делегация бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың жұмысының ерекшеліктерін зерделеді. Сонымен қатар, жастар қазақ мәдениетіне арналған концерттік кешке қатысып, Чехиядағы қазақ диаспорасы мен студенттік ұйымдардың қызметімен танысып шығуға мүмкіндік алды.
Бұл тағылымдамалық сапар қазақстандық жастардың Чехияның мәдени және қоғамдық жобаларымен халықаралық ынтымақтастығын дамытуға ықпал етті.