Прага, 2025 жылғы 18 желтоқсан – Чехиядағы Қазақстан Елшілігінде «Қазақстан достары клубының» кездесуі өтті. Іс-шараға Чехияның белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, іскер топтардың өкілдері, мәдениет саласының мамандары, журналистер және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында екі елдің биылғы жылы бірлескен жемісті ынтымақтастығының қорытындылары жасалды.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев екі халық арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған ортақ бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Ол 2024 жылғы ең елеулі оқиғалардың қатарына Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта жерсіндіру жобасын, қазақ халық ертегілерінің чех тіліндегі жинағын басып шығаруды, Алматы қаласының музейлер бірлестігінің көрмесін, Прагада өткен Қазақ киносы күндерін, сондай-ақ Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі ұжымының, Қазақстанның халық әртістері А.Мұсаходжаева мен Н.Үсенбаеваның қатысуымен өткен концерттерді және әйгілі қазақстандық әнші Д.Кұдайбергеннің жеке концертін қосты.
Кездесудің маңызды бөлігі – чех қоғам және мәдениет қайраткерлеріне, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісін табыстау рәсімі болды. Марапатталғандардың қатарында Қазақстан мен Чехия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға үлес қосқан тарихшы профессор Йиржи Шима, парламентаралық қатынастарды белсенді дамытқан бұрынғы сенатор Ярослав Дубрава, Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға еңбек сіңірген «Česke novinky» интернет басылымының бас редакторы Светозар Плесник және қазақстандық бірегей дәстүрлерді фильмдері арқылы чех жұртшылығына танытқан деректі фильм режиссері Галина Доценко болды.
Іс-шараны қорытындылай келе, Елші қатысушыларды алдағы мерекелермен құттықтап, бейбітшілік пен амандық тіледі, сондай-ақ осындай бастамалардың Қазақстан мен Чехия халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайта беретініне сенім білдірді.