Прагада инвестициялар тарту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

Прагада инвестициялар тарту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

Прага, 2024 жылғы 17 желтоқсан - Қазақстанның Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев шетелдік инвестицияларды тарту және экспортты ілгерілету жөніндегі жұмыс шеңберінде Чех Республикасының экспорттық сақтандыру және кепілдік қоғамының («EGAP») Директорлар кеңесінің төрағасы Давид Хавличекпен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында дипломат Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуалы, бизнесті жүргізу үшін елдің артықшылықтары мен сауда-экономикалық мүмкіндіктері туралы хабардар етті. Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара сауданың тұрақты өсу үрдісін атап өтті.

Д.Хавличек кәсіпкерлікті ілгерілету, тауарлардың, технологиялардың, инвестициялар мен қызметтердің экспортын сақтандыру, халықаралық жобаларға және қоғам қызметінің басқа да бағыттарына қатысу мақсатында бизнеске қызмет көрсету бойынша «EGAP» жұмысы туралы ақпаратты таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша «EGAP» және Қазақстанның «KAZAKHEXPORT» экспорттық-кредиттік агенттігі арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ іскерлік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасуды тұрақты түрде ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.