
Қазақстанның Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев «PBS Group» чех компаниясының Вице-президенті Петр Чехалмен кездесті.
Әңгімелесу барысында тараптар қазақстандық серіктеспен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бизнес-жобаның барысын, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың, оның ішінде авиация саласындағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Қазақстандық дипломат Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуалы, бизнесті жүргізу үшін елдің артықшылықтары мен сауда-экономикалық мүмкіндіктері туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, чех кәсіпкер Машина жасау және металл өңдеу бойынша VI Халықаралық мамандандырылған көрмесінін (Kazakhstan Machinery Fair - 2025) жұмысына қатысуға шақырылды.
Кездесу соңында П.Чехал бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін елімізге келуге қызығушылық білдірді.
«PBS Group» - Чехияның оңтүстігінде Велка Битеш қаласында орналасқан инженерлік компания. Компанияның негізгі профилі турбореактивті қозғалтқыштарды, қосалқы электр станцияларын, криогендік жүйелерге арналған турбоэкспандерлерді, сондай-ақ авиациялық және энергетикалық жүйелерге арналған компоненттерді әзірлеу мен өндіруді қамтиды. PBS өнімдері ұшақтар мен тікұшақтарда, сондай-ақ қоршаған ортаны басқару және энергетика жүйелерінде кеңінен қолданылады.