Прагада Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Прагада Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Прага, 2024 жылғы 6 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі Қазақстанның туристік және транзиттік мүмкіндіктеріне арналған бизнес-семинарға қатысты. «SCAT» авиакомпаниясы мен «Прага қаласының әуежайы» АҚ бірлесіп ұйымдастырған іс-шара чех жетекші туроператорларның, әуебилеттерді сату агенттіктерінің, сондай-ақ бизнес секторы өкілдерінің қызығушылығын тудырды.

Презентация барысында қатысушыларға «Born Bold» науқаны аясында дайындалған Қазақстандағы қысқы демалыстың сұлулығы туралы бейнеролик көрсетілді. Чехиялық компаниялардың назарына еліміздің жекелеген өңірлерінің бірегей табиғи, тарихи және мәдени ерекшеліктері ұсынылды. Қазақстандағы этнографиялық, экстремалды, гастрономиялық және фототуризм мүмкіндіктері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, шағын авиацияны қоса алғанда, туризм инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар атап өтілді.

Өз кезегінде «SCAT» авиакомпаниясы Астана-Прага бағыты бойынша тікелей рейстерді орындаудың жазғы маусымының қорытындыларын ұсынды. Жолаушылардың осы рейске деген қызығушылығының жоғары екенін ескере отырып, әуе тасымалдаушысы 2025 жылы рейстер жиілігін екі есеге арттыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, келесі жылдан бастап Қазақстан мен Чехия астаналары арасында аптасына 4 рейс жасалатын болады. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар Шымкент қаласында жаңа терминалдың ашылуы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне рейстерді жасау жоспарланып отырғаны туралы хабардар етілді. Бұл Қазақстанның үшінші ірі қаласында Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хабтың пайда болу перспективаларын тудырады.