Қазақстан Елшілігі Чехиядағы қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

Қазақстан Елшілігі Чехиядағы қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

Прага, 2024 жылғы 2 желтоқсан – Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Чехияда аккредиттелген Дипломаттар жұбайларының қауымдастығы (DSA) ұйымдастырған жыл сайынғы халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шара Праганың ірі конгресс орталығында өтіп, 40-тан астам елдің дипломатиялық миссияларының басын қосты.

Қазақстан Елшілігінің стендінде Қазақстан туралы ақпараттық материалдар, кәдесыйлар және бауырсақ, манты, палау, шәк-шәк, құрт, ірімшік, жент сияқты дәстүрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Дипломаттардың жұбайлары әзірлеген қазақ деликатестері жәрмеңке қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.

Іс-шараның құрметті қонағы Чехия Парламенті Депутаттар палатасының төрайымы Маркета Пекарова Адамова болды. Ол Қазақстан стендіне келіп, еліміздің мәдениеті мен дәстүріне шынайы қызығушылық танытты.

Іс-шараның мәдени бағдарламасында Чехияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер өнер көрсетті. Олар Құрманғазы мен Дәулеткерей сияқты белгілі қазақ композиторларының күйлері мен танымал әндерді орындады.

Прагада жыл сайын өтетін DSA халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесі Чехиядағы ең маңызды қайырымдылық шараларының бірі деп саналады. Қазақстанның бұл іс-шараға жылсайынғы қатысуы ұлттық мәдениеттің байлығы мен елдің гуманитарлық құндылықтарға беріктігінің айқын дәлелі болды.

Жәрмеңке барысында жиналған барлық қаражат мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін жергілікті қайырымдылық ұйымдарына бағытталатын болады.