
Прага, 2024 жылғы 16 қараша – Праганың ең беделді концерт залдарының бірі Жофин сарайында Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен қазақстандық орындаушылардың қатысуымен салтанатты гала-концерт өтті. Іс-шараға музыка сүйер қауым мен чех астанасының мәдени элитасы жиналды.
Еуропалық талғампаз көрермендер қазақстандық композиторлар, соның ішінде Төлеген Мұхамеджановтың шығармаларын және әлемдік классиканың жауһарларын жоғары бағалады. Кештің шарықтау шегіне қазақстандық танымал әнші Нұржамал Үсенбаеваның орындауы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Сонымен қатар сахнада әйгілі чех баритоны Филип Банджак, Nomads домбырашылар ансамблі және дирижер Чарльз Оливьери-Мунроның жетекшілігіндегі Теплице қаласының Солтүстік Чехия филармония оркестрі өнер көрсетті.
Концерттің құрметті қонақтары арасында Чехияның саяси және мәдени қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, іскерлік қауымдастық мүшелері, БАҚ өкілдері және Еуропада тұратын қазақ диаспорасының өкілдері болды.
Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев өзінің құттықтау сөзінде өнер мен мәдени алмасулардың Қазақстан мен Чехия арасындағы достық байланыстарды нығайтудың маңызды элементтері екендігін атап өтті. Ол мәдени дипломатияның халықтарымыздың бірегей қырларын ашып қана қоймай, қазіргі әлемде аса қажет өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал ететінін айтты. «Бүгінгі концерт – ортақ құндылықтар мен ынтымақтастыққа деген ұмтылыс біріктіретін халықтарымыздың жақындасу жолындағы тағы бір қадам», – деп атап өтті Елші және осы музыкалық мерекеге қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.