
2024 жылғы 8 тамызда Прага - Прага қаласының музейінде (Алтын сақинадағы үйінде) Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі коллекциясының жәдігерлерінен ұсынылған «Уақыт керуені» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің ашылу салтанатына Алматы және Прага қалаларының, Чехияның мемлекеттік, қоғамдық және мәдени топтарының, Прагада аккредиттелген дипломатиялық корпустың, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Алматы қаласы Мәслихаты Төрағасының міндетін атқарушы Әсия Ақанова, Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова және Прага қаласы музейінің директоры Иво Мацек құттықтау сөз сөйледі.
Б.Дүйсенбаев өз сөзінде елдер мен халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытудағы мәдени дипломатияның маңыздылығын атап өтті. Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихатының, Прага қаласының мэриясының және Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігінің қолдауының арқасында іске асырылған бұл мәдени жоба екі елдің халықтарын жақындастыратын жолындағы кезекті қадам болды. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат қонақтарды 2024 жылдың 8-13 қыркүйегінде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы хабардар ете отыра оларды көшпенділердің дәстүрлері мен мәдениетін өз көзімен көру үшін, осы ерекше іс-шараға қатысуға шақырды.
Бағдарламаның мәдени бөлігінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетті, олардың орындауында танымал халық әуендері мен белгілі қазақ композиторларының шығармалары орындалды. Сонымен қатар, іс – шара қонақтарына дәстүрлі қазақ тағамдары-құрт, ірімшік, жент, қазы ұсынылды.
31 тамызға дейін жалғасатын көрмеде Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің қорынан 220-дан астам экспонат ұсынылған. Экспозицияның негізінде қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, салт-дәстүрлері, қолданбалы өнері туралы баяндайтын этнографиялық артефактілер, қазақ халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірі туралы баяндайтын фотосуреттер бар.
Осы көрме арқылы Прага тұрғындары, сондай-ақ Чехия астанасының қонақтары көшпелі қазақтардың тарихы мен мәдениетімен - олардың дәстүрлерімен, тұрмысымен, философиясымен және дүниетанымымен таныса алады. «Уақыт керуені» көрмесі Қазақстан мен Чехияның мәдениетаралық диалогын жалғастырып, келушілерге Ұлы Даланың көшпелі өркениетінің бай мұрасын жақындатады.