Қазақстандық және чех университеттерінің биомедициналық инженерия саласындағы ынтымақтастығы талқыланды

Қазақстандық және чех университеттерінің биомедициналық инженерия саласындағы ынтымақтастығы талқыланды

Прага, 2024 жылғы 17 шілде – Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех техникалық университетінің Биомедициналық инженерия факультетінде болып, факультет деканы Йозеф Розинамен кездесті. Әңгіме барысында тараптар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Б.Дүйсенбаев Қазақстан жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыруға ерекше назар аударып отырғанын сөз өтті. Осы тұрғыда ол Чехияның қазақстандық студенттер үшін тартымдылығын атап өтті. Елші деканды академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қазақстандық университеттермен ынтымақтастық орнату және Қазақстанда филиал ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Өз кезегінде декан қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың өзекті жай-күйі туралы хабардар етіп, оның одан әрі дамуына қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, сапар барысында дипломат факультеттің оқу-зертханалық базасымен және физиотерапия, радиология, оптика және оптометрия саласындағы озық әзірлемелерімен танысты.

Тараптар Қазақстан мен Чехия университеттері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірлескен жұмысты жандандыруға келісті.