Прагада этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне жоғары баға берілді

Прагада этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне жоғары баға берілді

Қазақстанның Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Халықаралық діни сенім бостандығы альянсының (IRFBA) төрағасы, Чехия Сыртқы істер министрлігінің Холокост, конфессияаралық диалог және діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Роберт Ржехакпен кездесті.

Кездесу барысында этносаралық және дінаралық келісім саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары қаралды.

Б.Дүйсенбаев сұхбаттасын Қазақстандағы қазіргі жағдаймен және Президент Қ.Тоқаев бастамашылық еткен демократиялық реформалардың барысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Қазақстандық дипломат сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатындағы әдіс-тәсілдер, Қазақстанның халықаралық құқықтың, өзара сыйластық пен әріптестіктің әмбебап қағидаттарына бейілділігі туралы айтып берді.

Дінаралық келісім мәселелеріне қатысты пікіралмасу барысында Елші сұхбаттасын 20 жылда толеранттылық пен дінаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бірегей жаһандық алаңға айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметімен таныстырды.

Этносаралық келісім тақырыбы аясында чех дипломаты бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда аса маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысты.

Р. Ржехак өз кезегінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесін, сондай-ақ ел басшылығының барлық діни конфессиялар үшін қолайлы жағдайлары бар үйлесімді зайырлы қоғам құрудағы күш-жігерін жоғары бағалады.

Тараптар конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде, әсіресе өңірлік қақтығыстарды шешу тұрғысында ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.