Прагада мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды

Прагада мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды

Прага, 2024 жылғы 14 маусым – Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Ондржей Храстпен кездесті. Сұхбат аясында мәдениет саласындағы қазақстандық-чехиялық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ оны одан әрі жандандыру перспективалары қаралды.

Б.Дүйсенбаев сұхбаттасын халқымыздың тарихын, дәстүрлері мен мәдениетін зерделеу, сақтау және насихаттау мақсатында Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Осы тұрғыда Чех тарапының назарына қыркүйек айында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат ұсынылды. Бір айта кетері, ойындарға Чехиядан 8 спортшы қатысады, олар күрес пен ордодан жарыстарда өз күштерін сынап көреді.

Дінаралық келісім мәселелері бойынша ой алмасу аясында Чех Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары 20 жыл ішінде төзімділік пен дінаралық диалогты ілгерілету жөніндегі жаһандық алаңға айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметімен таныстырылды.

Сонымен қатар, Елші Чехияда қазақстандық мәдениет пен өнерді дәріптеу бойынша Елшіліктің жүргізіп жатқан жұмыстары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы хабарлады. 

Тараптар мәдениет саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.