
Прага, 2024 жылғы 10 маусым – Қазақстанның Чехиядағы Елшілігі Прагадағы елшіліктердің мәдени және гастрономиялық фестиваліне қатысты. Бұл – жыл сайын Прага 6 муниципалды ауданы мен «Фермерлік базарлар» қауымдастығы өткізетін чех астанасындағы ең үлкен халықаралық фестиваль.
Биылғы іс-шараға өз елдері мен халықтарының мәдени және аспаздық ерекшеліктерін, қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі тағамдарын ұсынған 55 елдің дипломатиялық өкілдіктері келді.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсіміне Прага 6 муниципалды ауданының мэрі Якуб Старек, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен сауда-өнеркәсіп палаталарының жетекшілері қатысты.
Қазақстандық павильонның інжу-маржаны киіз үй болды, ол қатысушылардың шынайы қызығушылығын тудырды. Барлық ниет білдірушілер үй жиһаздары мен оның ішкі безендірілуімен танысып, жайылған ақ дастарханнан дәм татты.
«Алматы» дүкенінің қолдауымен қонақтарға ет, мәнті, палау сияқты дәстүрлі тағамдардан, сондай-ақ кондитерлік өнімдер мен десерттердің алуан түрінен дәм татуға мүмкіндік берілді. Көшпенділердің дәстүрлі сусыны – қымыз, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ, іс-шарада қазақстандық «Global Nomads» киім бренді этникалық стильдегі заманауи киімдер ассортиментін ұсынды.
Фестиваль аясында Чехияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер өнер көрсетті. Қонақтардың назарына домбырашылар триосының орындауында әйгілі «Адай» күйі, халқымыздың бірегей аспабы – жетігенде «Кербез қыз» күйі, «Қазақ вальсі» әні мен әсерлі би таныстырылды.
Фестиваль жергілікті БАҚ кеңістігінде кеңінен жарияланып, оны чех жұртшылығы жылы қабылдады.